Қамауға алынған «Самұрық-Қазына» басшысы Нұрлан Жақыповтың қанша табыс тапқаны белгілі болды

Сыбайлас жемқорлыққа күдікке ілініп, қамауға алынған «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың жүздеген миллион теңге жалақы алып отырғаны белгілі болды, деп хабарлайды tiek.kz.
Нұрлан Жақыповтың соңғы жылдардағы тапсырған декларациясы бойынша, соңғы үш жылда 800 млн теңгеден астам табыс тапқан. 2022 жыл: 422 миллион 182 мың теңге;
— 2023 жыл: 186 миллион 543 мың 551 теңге;
— 2024 жыл: 197 миллион 259 мың 412 теңге.
2025 жылғы табысы туралы декларация ашық дереккөздерде әзірге жарияланбаған.
Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлер табыс декларациясында жалақысын емес, салықты өздері төлеуге міндетті өзге кірістерін көрсетеді. Ал жалақыдан салықты жұмыс берушінің бухгалтериясы автоматты түрде ұстайтындықтан, ол бұл бөлімге енгізілмейді.
2022 жылы Жақыпов Kazakhstan Investment Development Fund Management Company басқарма төрағасы болған. Ал 2023 жылдың сәуірінде «Самұрық-Қазына» қорын басқаруға келді.
Ал қордың баспасөз қызметінің мәліметінше, уәкілетті органдар тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
«Қор Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы аясында құқық қорғау органдарына жан-жақты қолдау көрсетіп, қажетті ақпарат пен материалдарды ұсынуда және тиісті өзара іс-қимылды қамтамасыз етті», – делінген хабарламада.
Айта кетейік, Нұрлан Жақыпов бұған дейін берген сұхбатында жалақысының нақты мөлшерін айтудан бас тартқан. Ол мұны жеке ақпарат деп түсіндірген.



