Қоғам

Qazaqstan Media Awards – 2026: Астанада үздік журналистер мен медиа мамандары марапатталды

Елордада Astana Media Week 2026 мерейтойлық медиа апталығы аясында «Тұмар» және «Үркер» ұлттық сыйлықтарының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті. Биыл бұл қос сыйлық тарихта тұңғыш рет Qazaqstan Media Awards ортақ атауымен табысталып отыр, деп хабарлайды Tiek.kz.

Салтанатты жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен журналистер, редакторлар, тележүргізушілер мен шығармашылық ұжымдар жиналды. Сонымен қатар іс-шараға ҚР Құрылтайының депутаттары, мемлекеттік органдар мен медиа құрылымдардың басшылары қатысты.

Жасанды интеллект және кәсіби журналистика

Марапаттау рәсімінде сөз сөйлеген ҚР Мәдениет және ақпарат министри Арман Қырықбаев қазіргі медиа нарықтағы трансформацияларға тоқталды. Министр жаңа технологиялар мен жасанды интеллект қаншалықты қарқынды дамыса да, өз ісіне адал, кәсіби журналистерге деген сұраныс ешқашан төмендемейтінін баса айтты.

«Мемлекет басшысы журналистика саласына әрдайым ерекше көңіл бөліп, әлеуметтік және моральдық тұрғыдан үнемі қолдау көрсетіп келеді. Болашақта да мемлекеттің медиа саласына қатысты саясаты өзгермейді деп ойлаймын», – деді Арман Қырықбаев.

600-ден астам өтінім және жаңа номинация

2017 жылдан бері отандық телевизия, баспасөз, радио және интернет журналистикасын қолдау мақсатында беріліп келе жатқан «Тұмар» мен «Үркер» бәйгесіне биыл 12 номинация бойынша 600-ден астам өтінім түскен. Осы жылы байқауда заманауи трендтер ескеріліп, алғаш рет «Журналистиканың болашағы: жасанды интеллект саласындағы үздік жоба» номинациясы қосылды.

Тәуелсіз қазылар алқасының шешімімен іріктеліп алынған биылғы жеңімпаздар тізімі келесідей:

«Тұмар – 2026» ұлттық телевизиялық сыйлығы:

  • Үздік тележүргізуші – Вероника Вишневская («Еуразия» бірінші арнасы);

  • Үздік деректі жоба – «4739» (24KZ);

  • Үздік телевизиялық материал – «Қарқынды құрылыс» (Qazaqstan);

  • Үздік әлеуметтік жоба – «Правда в деталях» (Jibek Joly);

  • Үздік телехикая – «Ауыл бапкері» (Астана TV);

  • Үздік ақпараттық-талдамалық бағдарлама – «Новости» (7-арна).

«Үркер – 2026» ұлттық сыйлығы:

  • Жылдың үздік журналисі – Жанар Сердалина;

  • Үздік радиожоба – «Ойтұма» бағдарламасы (Қазақ радиосы);

  • Журналистиканың болашағы: ЖИ саласындағы үздік жоба – «AI-ЖАН» (Altainews Media Centre);

  • Үздік медиажоба – Tengri TV (Tengrinews);

  • Жылдың үздік материалы – Мирамгүл Рахатқызы, «Жасанды интеллект: адамзат жаңа дәуірге аяқ басты» («Ақтөбе» газеті);

  • Үздік талдамалық материал – Лаура Тусупбекова, «Моя ДНК – наше богатство» («Казахстанская правда» газеті).

Сонымен қатар, телевизия мен ақпарат кеңістігінде өзіндік тарихы бар ұжымдарға Qazaqstan Media Awards – 2026 арнайы жүлделері табысталды. Биыл өзінің 30 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан «Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені» мен «Информбюро» порталы осы арнайы құрметке ие болды.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button