Заң үстемдігі

Қайрат Нұртастың Шымкенттегі концертін ұйымдастырған жігіт қамауға алынды

Бұған дейін Шымкентте Қайрат Нұртастың концертіне барған қыздың жұрттың аяғының астында қалып, жарақат алғанын жазған едік. 

Шымкентте Қайрат Нұртастың концертінде қауіпсіздік талаптарының бұзылуына байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Полицияның алдын ала мәліметтеріне сәйкес, сатылған билеттер саны концерт алаңының рұқсат етілген сыйымдылығынан едәуір асып кеткен. Бұл адамдардың шамадан тыс жиналуына әкеліп, көрермендердің қауіпсіздігіне қатер төндірген.

“Адамдардың қысылып қалуы салдарынан 18 жастағы қыз жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Әлеуметтік желілерде адамдардың қаза болғаны туралы тараған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Қаза болғандар жоқ. Концерт ұйымдастырушысы, 1984 жылы туған Л. есімді азамат ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жүргізілуде. Тергеу барысы Шымкент қаласы полиция департаменті басшылығының бақылауында. Полиция азаматтарды тексерілмеген мәліметтерді таратпауға шақырады және көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік көзделгенін еске салады”, – делінген полиция хабарламасында.

Бұған дейін Шымкентте Қайрат Нұртастың концертіне барған қыздың жұрттың аяғының астында қалып, жарақат алғанын жазған едік. 

Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қыздың жағдайы ауыр.

«2026 жылғы 10 қазанда жедел жәрдем бригадасы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда өткен концерт кезінде жарақат алған 18 жастағы қызды ауруханаға жеткізді. Оқиға орнында оған алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Қазір науқастың жағдайы ауыр. Оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр, жағдайы мамандар бақылауында», — делінген ведомство хабарламасында.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button