Оқиға

Тоқаевқа Қорғаныс министрлігін тексерудің алғашқы нәтижесі баяндалды: Әскерде 13 қылмыстық іс қозғалып, әлімжеттік әшкереленді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қорғаныс министрлігіндегі істердің жай-күйін кешенді тексеруден өткізіп жатқан арнайы комиссияның алғашқы нәтижелері баяндалды. Аида Балаева бастаған топ әскердегі жемқорлық, әлімжеттік және Маңғыстаудағы қайғылы оқиғаға әкелген жүйелі проблемаларды әшкереледі, – деп хабарлайды Tiek.kz.

Президент төрағалығымен өткен жиында Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева тексерістің бірінші кезеңі бойынша ауқымды баяндама жасады. Қорытындылар Қарулы күштерде қордаланған өзекті мәселелердің бетін ашып берді.

Маңғыстаудағы трагедия: Бұрынғы басшылықтың өрескел қателігі

Комиссия 14 әскери қызметшінің өмірін қиған Маңғыстау облысындағы трагедияның жай-жапсарын жіті зерттеген. Алдын ала тергеу нәтижесі көрсеткендей, оқу-жаттығу жиындарын дайындау мен жоспарлау кезінде тәуекелдер мүлдем бағаланбаған, десант түсіруді ұйымдастыруда және әскерилердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде елеулі кемшіліктерге жол берілген. Ең бастысы – бұған дейінгі басшылық тарапынан тиісті қадағалау болмаған.

Мемлекет басшысы бұл оқиға бойынша алғашқы кадрлық шешімдер қабылданғанын (бұған дейін министр Дәурен Қосановтың қызметтен кеткені белгілі), алайда бұл жеткіліксіз екенін қадап айтты.

Қазіргі уақытта қолбасшылық құрамның қылмысқа парапар салғырттығы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда. Бұған дейін хабарланғандай, бес лауазымды тұлға тұтқындалды. Олардың әрекетіне тергеу аяқталған соң түбегейлі құқықтық баға берілмек.

Жемқорлық және әлімжеттік бойынша 13 қылмыстық іс

Тексерістің бірінші кезеңі тек Каспийдегі оқиғамен шектелген жоқ. Қылмыстық қудалау органдары Қорғаныс министрлігіне қарасты ұйымдар мен құрылымдық бөлімшелердің қызметінен бірқатар заң бұзушылықты анықтап, 13 қылмыстық іс қозғады. Олар негізінен мынадай фактілер бойынша тергелуде:

  • Мемлекет мүлкін талан-таражға салу;

  • Қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану;

  • Әскерилерге әлімжеттік жасау және жарғыға қайшы әрекеттер ету.

Комиссия әскери тәртіп пен алдын алу жұмыстарындағы олқылықтарды атап өтіп, жеке құраммен тәрбие жұмысын ұйымдастыру, тылды қамтамасыз ету мәселелеріне айрықша назар аударды.

Жаңа министрлік алдындағы міндет: «Заң мен тәртіп»

Қасым-Жомарт Тоқаев Комиссияға Қорғаныс министрлігінің жаңа басшылығымен (жақында тағайындалған министр Айдос Мырзахметовпен) бірлесіп, анықталған кемшіліктерді жою жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Бұл тексерістің нәтижесі алдағы уақытта Қарулы күштерді реформалау жоспарының негізіне айналуы тиіс.

Президент жаңа тұрпатты армия қалыптастыруда мынадай талаптардың мүлтіксіз орындалуын міндеттеді:

  1. Тәртіп пен қауіпсіздік: Армиядағы жаңғыру әскери тәртіптің күшеюінен, әскерилерге тиісті жағдай жасаудан және қауіпсіздік деңгейінің артуынан байқалуы шарт. Қарулы күштер қатарында Конституциядағы «Заң мен тәртіп» қағидаты қатаң сақталуы керек.

  2. Жауынгерлік әзірлікке нұқсан келтірмеу: Кешенді тексеріс пен тазарту жұмыстары объективті түрде жүргізіліп, әскердің негізгі қызметі мен жауынгерлік дайындығына кедергі келтірмеуі тиіс.

Қорғаныс ведомствосындағы арнайы комиссияның жұмысы әрі қарай жалғасады. Президенттің өзі жеке бақылауда ұстамақ.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button