Оқиға

Каспийдегі қайғылы оқиғаның салдары ма? Дәурен Қосанов Қорғаныс министрі қызметінен босатылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Дәурен Жұматайұлы Қосанов Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі лауазымынан босатылды. Бұл кадрлық шешім Маңғыстау облысында 14 әскери қызметшінің өмірін қиған ауыр трагедиядан кейін қабылданып отыр, – деп хабарлайды Tiek.kz.

Министрдің отставкасы қоғамда үлкен резонанс тудырған Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезіндегі төтенше жағдайдың тікелей салдары екені сөзсіз.

«Жауапкершіліктен жалтармаймыз» деген уәде

Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстауда дауыл кезінде теңізге десант түсіру жаттығуы қайғылы аяқталып, 14 әскери қызметші – қатардағы жауынгерлер, сержанттар мен офицерлер қаза тапқан болатын. Осы оқиғаға байланысты елде Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.

Бұл жағдайдан кейін Дәурен Қосанов Маңғыстауға арнайы барып, марқұмдардың отбасыларымен кездескен еді. Ол сол кезде қоғам алдындағы міндетті түсінетінін айтып, мәлімдеме жасаған:

«Қоғамның бізге қойып отырған талап-сұрақтарын түсінемін. Біз жауапкершіліктен жалтармаймыз. Ата-аналардың бізге өз ұлдарын сеніп тапсырғанын, ал бүгін орны толмас қазаға ұшырап отырғанын жеткізу маған да өте ауыр тиіп отыр».

Министрлікті жаппай тексеру басталды

Дәурен Қосановтың қызметтен кетуі Мемлекет басшысының Қорғаныс ведомствосын қатаң бақылауға алуымен тұспа-тұс келіп отыр.

Кеше ғана Президенттің өкімімен Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева бастаған арнайы мемлекеттік комиссия құрылған болатын. Бұл комиссияға бір аптаның ішінде Қорғаныс министрлігіндегі істердің жай-күйіне, оның ішінде әскерилерді қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелеріне кешенді тексеру жүргізу міндеттелген.

Бұған қоса, Каспийдегі оқиға бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында қазірдің өзінде бес жоғары лауазымды тұлға, соның ішінде Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары қамауға алынды. Қорғаныс министрінің отставкасы бұл істегі жазалау мен реформалау процесінің жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button