Белгілі әнші өмірден өтті
Әнші «Жалаңаяқ қыз», «Сұлуым» секілді әндерімен кеңінен танылған еді.

Белгілі өнер қайраткері, әнші Болат Әбдіахметов дүниеден өтті деген хабар тарады.
Қайғылы хабарды оның жақындары әлеуметтік желідегі парақшаларында жариялады.
«Қазақтың кәсіби өнеріне өзіндік үлесін қосқан, біртуар азамат, кәсіби әнші, өнер қайраткері Болат Әбдіахметовтің дүниеден өтуіне байланысты жарына, бала-шағасына, туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз.Болат Әбдіахметов – Мәскеуде кәсіби білім алып, өнердің биік белестерін бағындырған, қазақ мәдениеті мен өнеріне адал қызмет еткен зиялы азамат еді. Өмірде ақжарқын мінезімен, көргенділігімен, парасат-пайымымен елінің құрметіне бөленген абзал жан болатын», — делінген жазбада.
Өнер иесі көрерменге «Жалаңаяқ қыз», «Сұлуым» секілді әндерімен кеңінен танылған еді. Әсіресе, Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Жалаңаяқ қыз» әні Орталық Азиямен қатар Еуропаның бірқатар елдеріндегі тыңдармандар арасында да танымал болды.
Болат Әбдіахметов Шығыс Қазақстан облысындағы Шар қаласында дүниеге келген. Ол Мәскеу мемлекеттік музыка училищесінде эстрада және джаз бағытында білім алған.
Өнер жолында Қазақстанмен қатар Өзбекстан, Ресей, Қытай және Таиландта концерттер беріп, тыңдарманға өнерін ұсынды.



