Қоғам

«Балам аман-сау»: Каспийде ұлы қаза болды деген ақпаратты әкесі жоққа шығарды

Талғат Құлманов атты азамат әлеуметтік желіде ұлының Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиға кезінде қаза тапқаны туралы тараған ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Соңғы әңгіме» деп таратқан

Бұған дейін әлеуметтік желіде Талғат Құлмановтың әскери қызметте жүрген ұлымен бейнеқоңырау арқылы сөйлескен сәті тараған.

Видео 9 қыркүйекте түсірілген. Әңгіме барысында сарбаз отбасына хабарласу үшін телефонын енді ғана алғанын айтады. Әкесі мен баласы бір-бірінің жағдайын сұрап, жаңалықтарын бөліседі. Әңгіме соңында екеуі бір-бірін жақсы көретіндерін айтады.

Алайда кейін әлеуметтік желідегі кейбір қолданушылар бұл видеоны Каспийдегі қайғылы оқиға алдында болған әке мен баланың «соңғы әңгімесі» ретінде тарата бастаған.

«Бұл ақпаратқа сенбеулеріңізді сұраймын»

25 қыркүйекте Талғат Құлманов желіде тараған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Ол ұлының аман екенін және әскердегі қызметін жалғастырып жүргенін айтты.

«Құрметті әлеуметтік желі қолданушылары! Ұлыммен сөйлескен видеомыз тарап жатыр. Кейбіреулер оны Ақтаудағы қайғылы оқиға кезінде қаза тапты, ал бұл біздің соңғы әңгімеміз болды деп жазып жатыр. Бұл ақпаратқа сенбеулеріңізді сұраймын. Ұлым – курсант, қазір әскери қызметін атқарып жүр», – деді Талғат Құлманов.

Сондай-ақ ол Маңғыстауда қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

Каспийдегі трагедия

24 қыркүйек күні Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде тоғыз әскери қызметші қаза тапқаны белгілі болған еді. Кейін құрбан болғандар саны одан да көбейді. Осы оқиғадан кейін Мемлекет басшысының өкімімен 2026 жылғы 25 қыркүйек Қазақстан Республикасында жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Аталған оқиға бойынша тергеу екі баппен жүргізіліп жатыр.

Бас прокуратура іс бойынша күдікті лауазымды адамдар анықталғанын хабарлады. 25 күні таңертең соңғы екі әскери қызметкердің денесі табылды.

«Хазар Қорғаны – 2026» оқу-жаттығуы кезінде әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты Қарулы күштердің бес лауазымды тұлғасы ұсталды.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button