Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов: «Қоғамның талабын түсінеміз, біз жауапкершіліктен жалтармаймыз» (ВИДЕО)
Бүгін – Қазақстанда Жалпыұлттық аза тұту күні. Осы ауыр сәтте Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов Маңғыстауда қаза тапқан сарбаздардың отбасыларына қайғыра көңіл айтып, трагедияға кінәлі тұлғалардың қатаң жазаланатынын мәлімдеді, – деп хабарлайды Tiek.kz.
Министр өз сөзінде ата-аналардың әскерге сеніп тапсырған ұлдарынан айырылып қалуы бүкіл ведомство үшін орны толмас ауыр қаза екенін атап өтті.
«Ата-анаға қазаны естірту маған да ауыр тиіп отыр»
Дәурен Қосанов Қорғаныс министрлігі мен Қарулы күштердің барлық жеке құрамы атынан марқұмдардың жақындарының қайғысына ортақтасатынын жеткізді. Ол қоғам тарапынан қойылып жатқан сұрақтардың орынды екенін мойындады.
«Отбасылардың қайғысын, қоғамның бізге қойып отырған талап-сұрақтарын да түсінемін. Біз жауапкершіліктен жалтармаймыз. Ата-аналардың бізге өз ұлдарын сеніп тапсырғанын, ал бүгін орны толмас қазаға ұшырап отырғанын жеткізу маған да өте ауыр тиіп отыр», – деді министр.
Тергеу мен көмек тоқтамайды
Қазіргі уақытта қайғылы оқиғаның барлық мән-жайы мен себептері жан-жақты анықталып жатыр. Қорғаныс министрлігі мынадай негізгі қадамдарды жүзеге асыруда:
-
Осы жағдайға байланысты кінәлі адамдар заңға сәйкес толықтай жауапқа тартылады;
-
Ведомство қара жамылған отбасылармен үнемі тікелей байланыста отыр;
-
Қаза тапқандардың жақындарына барлық қажетті көмек пен қолдау көрсетілуде.
«Қаза тапқан әскери қызметшілердің, олардың отбасыларының және қоғам алдындағы міндетімізді түсінеміз. Арыстай азаматтарынан, ұлдарынан айырылған әр отбасының қайғысына ортақпын. Әскери міндетін атқаруда қаза тапқан азаматтарымыздың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын», – деп түйіндеді Дәурен Қосанов.



