Қоғам

«Қан жұтқан марқұмдардың туыстарына құрмет қайда?»: жұрт сарбаздардың қазасын естірткен әскерилердің әрекетін сынап жатыр

Құдай-ай, мына қара тізімді басқаша хабарлауға болмас па еді? Соғыс емес, тападай тал түсте жап-жас сарбаздарымыздан айырылдық-ау…

Әлеуметтік желіде тараған сарбаздардың қазасын естірту видеосы жұртшылық арасында үлкен резонанс тудырып жатыр, деп хабарлайды tiek.kz.

Тараған қадрлардан әскерилердің қаза болған сарбаздардың аты-жөнін қағаздан оқып, баласынан айырылған ата-аналар темір қоршаудың сыртында аңыратып қойғанын байқауға болады.

Расы керек, әскерилердің бұл әрекеті үлкен шу тудырып жатыр. Мұны «Қазақтың қазаны естірту дәстүрі қайда? Бұл не сұмдық? Адам емес, мал басы шығынға ұшырағандай. Осыны айтатын,жөн сілтейтін бір адам әр шоқысы тарих, дәстүр жәдігері деп әспеттейтін Маңғыстауда бір адам табылмағаны ма?» «Құдай-ай, мына қара тізімді басқаша хабарлауға болмас па еді? Соғыс емес, тападай тал түсте жап-жас сарбаздарымыздан айырылдық-ау…» «Қан жұтқан марқұмдардың туыстарына құрмет қайда? Мал жоғалған жоқ. Бауыр еті баласын іздеп, есінен айырылып жатқандарға осылай қазаны естірту қатыгездік!», — делінген жазбалардан-ақ байқауға болады.

Пікір білдірушілердің жазуынша, әскери бөлім өкілдері қақпаны ашып, ата-аналарды ішке шақырып, психолог пен дәрігердің қатысуымен бетпе-бет сөйлесуі керек еді.

Алайда Құрылтай депутаты Олжас Құсбеков бұл әрекеттің шарасыздыққан жасалған дүние екенін айтады.

Сол жердегі әскерилердің жиналған жұртқа хабарландыру жасау қажеттілігі туындаған. Әрине, ол жерде ұлттық дәстүрді сақтап естірту керек еді. Бірақ сол жердегі әскерилерге хабарландыру жасау қажеттілігі туындады. Содан туған әрекет. Осы мақсатта сондай форматта хабарландыру жасалды деп ойлаймын. Жалпы қаза өте ауыр дүние ғой, сол себепті бұл жағдай қоғам үшін сондай ауыр қабылданып жатыр», — дейді дептутат.

Жалпы қазақтың естірту әдебі қалай еді?

Казақтың салт-дәстүрінде адам қайтыс болғанда қаралы хабарды жеткізудің — «естірту» деп аталатын қатаң әрі терең философиялық әдебі болған. Бұл жай ғана ақпарат беру емес, ауыр соққыны қабылдайтын адамның жүйкесін сақтауға, естен танып қалудан немесе қайғыдан қабырғасы қайысып сынудан қорғауға бағытталған психологиялық тәсіл еді.

Қазақтың ежелден келе жатқан естірту әдебінің басты қағидаттары төмендегідей:

Ишара арқылы жеткізу

Ата-бабамыз қаралы хабарды бірден «пәлендей қайтыс болды» деп кесе-көлденең айта салған жоқ. Жүрегі әлсіз анаға, қарияға немесе жарына ауыр тимесін деп, астарлы сөзбен, жұмсақ ишарамен жеткізген.

Мысалы, қара шаңырақтың тірегі немесе асыл азаматы өмірден өткенде, «Қарағайдың басы сыныпты», «Асқар тауыңыз құлады», «Қара орманнан айырылдық» немесе «Жақсының арты өлмейді, артында қалған тұяғына ғұмыр берсін» деп бастап, бара-бара шындықты сездірген.

 Арнайы кісі жіберу (Кабаршы/Естіртуші)

Қаралы хабарды кез келген кездейсоқ адам жеткізбеген. Ол үшін ауылдың сыйлы, сөзге шешен, сабырлы, жағдайды түсінетін аксақалдары мен билерін, не болмаса қадірлі туыстарын арнайы таңдап жіберген.

Олардың міндеті — қара хабарды естіген адамның есеңгіреп қалуына жол бермей, сабырға шақыру, жұбату сөздерін айту.

Күй немесе жыр арқылы естірту

Қазақ халқында қаралы хабарды күй немесе жоқтау, толғау арқылы жеткізу дәстүрі де болған. — Мысалы, атақты хандар мен батырлардың, не болмаса елге сыйлы азаматтардың қазасын естірту үшін күйшілер домбырамен көңіл толқытатын күй тартып (мысалы, «Ақсақ құлан» немесе басқа да жоқтау күйлері), тыңдаушының санасын қайғыға дайындаған. Музыка адамның ішкі дүниесін жібітіп, ауыр хабарды қабылдауға көмектескен.

Сабыр мен иманға шақыру 

Естіртуші адам келген бойда марқұмның жақсы қасиеттерін айтып, «Адам баласы бұл өмірге қонақ, бәріміз де сол жаққа барамыз, сабыр етіңіз, Алланың ішіне қарсы шықпаймыз» деп имандылыққа, шыдамдылыққа шақырған. «Сабыр түбі — сары алтын» деп, қаралы отбасына демеу болып, жанында қамқорлық танытқан.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button