Шымкентте белгілі асаба есірткімен ұсталды (ВИДЕО)

Шымкент қаласындағы қонақүйлердің бірінде белгілі той басқарушысы есірткі сақтады деген күдікпен қолға түсті. Оның жанында интимдік қызмет көрсететін әйел болған, – деп хабарлайды Tiek.kz Polisia.kz мәліметіне сілтеме жасап.
Полиция қызметкерлері есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-шара барысында күдікті ретінде Астана қаласының 36 жастағы тұрғынын (С. есімді азамат) ұстады.
Бөлмеден мефедрон мен көкнәр табылған
Тәртіп сақшылары асаба тоқтаған қонақүй бөлмесін тінту кезінде мынадай заттарды тәркіледі:
-
Ақ түсті ұнтақ салынған полимерлі пакет;
-
Өсімдік тектес белгісіз зат.
Ұсталған шоумен кінәсін мойындап, өзінен табылған заттардың мефедрон және көкнәр (мак) екенін айтқан. Оның сөзінше, есірткіні сату үшін емес, тек өзі жеке қолдану мақсатында сатып алған.
Сонымен қатар, ұсталу кезінде асабаның жанында болған әйелдің ақылы интимдік қызмет көрсететіні алдын ала анықталып отыр.
Тергеу басталды
Қазіргі уақытта тәркіленген заттардың нақты құрамы мен көлемін анықтау мақсатында тиісті сараптамалар тағайындалды. Аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне орай істің өзге мән-жайы жария етілмейді.



