Спорт
Тренд

Сегізінші алтын: Қазақстан құрамасы Азия ойындарында ескек есуден чемпион атанды

Жапонияның Аичи-Нагоя қаласында өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы академиялық ескек есуден тағы бір алтын медаль жеңіп алды.

Ерлер арасындағы рульсіз қос ескекті қайық сайысында бақ сынаған отандастарымыз Владислав Яковлев пен Иван Чернухин шешуші кезеңде жоғары шеберлік танытты. Қазақстандық жұп белгіленген қашықтықты 6 минут 25,13 секундта жүріп өтіп, мәре сызығын бірінші болып қиды.

Жарыс жолында біздің спортшыларға ең басты қарсылас болған Қытай экипажы екінші орынды місе тұтып, отандастарымыздан 2,09 секундқа қалып қойды. Ал үздік үштікті Өзбекстан құрамасының өкілдері түйіндеді.

Осылайша, ұлттық құраманың қоржынындағы алтын жүлделер саны сегізге жетті. Жалпы есепте Қазақстан қоржынында 8 алтын, 5 күміс және 8 қола медаль бар.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button