Қоғам
«Шокермен құлатып, соққыға жыққан»: ҚазҰУ-да көз жұмған студенттің туыстары сұмдық жайттың бетін ашты

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бірінші курс студенті Дауыл Бәкіртай көз жұмды. Қайғылы оқиғаның мән-жайын марқұмның туыстары Sputnik Қазақстан тілшісіне айтып берген, деп жазады tiek.kz.
«Екі күн бұрын ғана көрген едік…»
Дауыл Бәкіртай – танымал жоғары оқу орнының география факультетінің бірінші курс студенті. Туған жері – Шымкент. Отбасында бес баланың төртіншісі.
«Дауылдың көз жұмғаны туралы хабар ата-анасына түнгі сағат төрт шамасында жеткен. Ал ата-анасы таңғы сағат алтыда маған хабарласып, барып көріп келуімді өтінді. Өйткені Алматыда Дауылдың бізден басқа жақын туысы жоқ. Біз деп отырғаным – Дауыл, тағы бір әпкеміз және мен. Үшеуміз туған бөлеміз. Осыдан екі күн бұрын ғана Дауылды үйге шақырып, арқа-жарқа болып, сағынышымызды басқан едік», – дейді бөле әпкесі Ұлдана Егізбай.
Ангинадан көз жұмғанын айтқан
Дауыл 16 қарашаға қараған түні көз жұмған. Оқиға ҚазҰУ жатақханасында болған.
«Дауылды 2GIS арқылы іздеп көрдік. Ұялы телефоны аудандық полиция бөлімінде деп көрсетті. Көз жұмғанын ғана естідік, не болғанын білмедік. Денесін полиция бөліміне апарған ба деп таңғалдық. Полиция бөліміне барғанда, ондағы қызметкерлер: «Ештеңе айта алмаймыз, басшылар тексеріп жатыр», — деді. Қалай қайтыс болғанын сұрадық, бірақ полиция қызметкерлері ештеңе айтпады. Ата-анасына хабар бергенде, Дауылдың ангинадан көз жұмғанын айтқан», – дейді әпкесі.
Туыстары Дауыл тұрған жатақханаға асығады. Жатақхана маңында полиция қызметкерлері көп болған. Олар бірден баланың бөлмесіне барған.
«Дауылдың бөлмесіне кірсем, ешкім жоқ. Денесін мәйітханаға алып кетіпті. Киімдерін жинап алайын деп бөлмесіне кірдім. Бірақ қайсысы бөлемнің киімі, қайсысы басқа баланікі екенін ажырата алмадым. Жатақханадан шығып бара жатқанымда, вахтада отырған апай: «Оқиға басқа бөлмеде болған», – деді. «Оқиға дейтіндей біреу ұрған ба?» деп сұрадым. Ол: «Жүрегі ауыратын ба еді? Жүректен көз жұмыпты», – деді. Дауылдың еш жері ауырмаған, сап-сау бала еді», – дейді Ұлдана Егізбай.
Декан болған жайтты жасырған ба?
Жатақханада фото және видео түсіруге тыйым салынған. Алайда туыстары оқиғаны бейнежазбаға түсірмек болып, қарсылық білдірген. Сол кезде оларға география факультетінің деканына баруға кеңес берілген.
«Жатақхана мен оқу корпусы бір жерде орналасқан. Мен деканға бардым. Сол аралықта Дауылды ұрып өлтіргені туралы ақпаратты да естіп үлгердік. Бұл туралы бізге достарымыз айтты. Оларға сол жерде оқитын қарындастары хабарлаған екен. Төбелес болғанын, екінші курс студенттері ұрғанын – бәрін естіп алдық.
Осы ақпаратты деканға айтқанымызда, ол: «Ондай болған жоқ», – деп, керісінше, өзіме ұрысты. «Мұндай ақпаратты қайдан естіп алдыңыздар? Бізде балалар төбелеспейді», – деді.
Менімен бірге барған екі ағам деканнан жеке-жеке: «Төбелес болған жоқ па? Нақты ма?» – деп сұрады. Ол: «Бала белсенді студент болған. Басқа бөлмеде дайындық жүргізіп жатқанда жүрегі ұстап, құлап қалған. Балалар алғашқы көмек көрсетті, екі рет жедел жәрдем шақырылды. Мен түні бойы қастарында болдым. Ешқандай төбелес болған жоқ, өзі құлап қалды», – деп жауап берді», – дейді марқұмның туыстары.
«Шокермен құлатып, аяғынан көтертіп қойған»
Дауылдың ата-анасы Алматыға таңғы сағат он шамасында ұшып келіп, бірден аудандық полиция бөліміне барған. Оқиғаның мән-жайын сол кезде ғана білген.
«Екінші курстың сегіз студенті бірінші курстың екі студентін бөлмелеріне шақырып алып, ұрған. Менің бөлемді шокермен ұрып құлатып, кейін соққыға жыққан. Содан соң қасындағы балаға бір сағат бойы басын салбыратып, аяғынан көтеріп ұстауға мәжбүрлеген. Ақырында Дауыл қайтыс болып кеткен. Бұл туралы жәбірленген екінші студент тергеу кезінде айтып берген. Біз бұл ақпаратты аудандық полиция бөлімінде естідік», – дейді Ұлдана Егізбай.
Дәрігерлер баланы аман алып қала алмаған
Туыстарының айтуынша, күш қолдану оқиғасы түнгі сағат 12 шамасында болған.
«Дауыл сағат 03:45 шамасында көз жұмған. Екі рет жедел жәрдем шақыртқан. Алайда дәрігерлер бөлемді аман алып қала алмаған, тым кеш болған. Бүгін Дауылдың денесін Шымкентке алып кеттік.
Соңғы рет екі күн бұрын кездескенімізде, Дауыл оқу орнындағы «дедовщина» туралы айтты. «Екінші курстың қыздарын көргенде, «Сәлеметсіз бе» деп амандасып, алыстан айналып өтуіміз керек. Ал жігіттерімен екі қолдап амандасамыз. Бір нәрсеге жұмсаса, орындауымыз керек. Бізде сондай «дедовщина» бар», – деді. Сұрай бастап едік, «Ой, қатты емес ондай», – деп, ары қарай ештеңе айтпай қойды», – дейді туыстары.
Мәйітхана мамандары Дауылдың жүрек тұсына бірнеше соққы тигенін айтқан. Туыстарының қолында бұл туралы медициналық құжаттар да бар.
Бостандық ауданының полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады.
«Күдікті ұсталды. Қазіргі уақытта істі толық, жан-жақты және объективті тергеуді қамтамасыз етуге бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.



