«Еш сөкеттігі жоқ»: Меруерт Түсіпбаева Бозжыра шатқалында дәрет сындырған туриске қолдау білдірді

Әнші Меруерт Түсіпбаева Маңғыстауда шетелдік блогердің далада дәрет сындырған сәтін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Түсіпбаева әлеуметтік желідегі парақшасында туристік орындардағы тұрмыстық қажеттілік мәселесіне назар аударды. Өнер иесі бұған дейін өзі де бұл мәселені көтергенін еске салды.
«Құрметті халық қалаулылары! Мен жазда осы мәселені мәдени түрде көтерген едім. Биязы қазақ қызымын ғой. Ал шетелдік блогер бұл мәселені дөрекі көтеріпті деп ренжімеңіздер. Бар жағдайды бүкпесіз көрсетіп отыр ғой енді. Дәрет сындыру – пенденің қажеттіліктерінің бірі. Табиғи нәрсенің еш сөкеттігі жоқ. Ал сіз қалай ойлайсыз?» – деп жазды Меруерт Түсіпбаева.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Маңғыстау даласында дәрет сындырған сәтін видеоға түсіріп, оны желіге жариялаған шетелдік әйелдің әрекеті қызу талқыланған еді. Оқиға желі қолданушылары арасында түрлі пікір туғызды.



