World Cleanup Day: Құландықтар халықаралық экологиялық акциясына үн қосты

Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданы, Құлан ауылының тұрғындары «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы аясында World Cleanup Day (Дүниежүзілік тазалық күні) халықаралық экологиялық акциясына үн қосты, деп хабарлады «Құлан медиа» орталығы.

«World Cleanup Day» халықаралық экологиялық акция аясындағы тазалық жұмыстарына аудан жастары мен «Жасыл ел» еріктілер жасағы, қоғамдық ұйымдардың, кәсіпорын және әкімдікке қарасты бөлім қызметкерлері атсалысты.
Акция аясында Құлан ауылындағы «Демалыс және сауықтыру» саябағында сенбілік өткізіліп, саябақ аумағында орналасқан тал дарақтардың түптері әктеліп, орындықтар сырланды.
Сенбілікке барлығы ондаған арнайы техника және 537 адамның қатысуымен 30 тонна қоқыс шығарылған.
Аудан әкімі Ернар Есіркеповтің айтуынша, Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» акциясы жарияланғалы бері ауданда тұрақты түрде осындай шаралар ұйымдастырылып келеді. Әкімдіктің шешімімен жалпы аудан аясында екі айлық тазалық акциясы жарияланған.
«Ауданымызда осындай сенбіліктер тұрақты дәстүрге айналып отыр. Тек аудан ғана емес, біздің Құлан ауылы секілді 15 ауылдық округке қарайтын 42 елді-мекен барлығында осындай іс-шара өтіп жатыр. Яғни отанға, туған ауылы мен табиғатына деген құрметі бар жандар, еңбек ұжымдары, түрлі шаруашылықтар ат салысып жатыр. Жалпы тазалық жұмыстары сенбі ғана емес, күнделікті жасалатын шаруа болуы тиіс. Аудан тұрғындарын елді мекендердің тазалығы мен көркейтуге, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға шақырамын. Тазалық жұмыстары тек арнайы қызметтердің ғана емес, әрбір тұрғынның ортақ міндеті екенін ұмытпауымыз керек», — дейді Ернар Есіркепов.
Посмотреть эту публикацию в Instagram



