Спорт

«Бұл дерттен арылуға шындап кірістім»: Данияр Елеусінов АҚШ-та емделіп жатыр

Осыдан шамалы бұрын боксшы "алкоголға әуестігім бар" деп ашық мойындаған еді.

Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов АҚШ-та кешенді ем қабылдай бастағанын мәлімдеді.

Аурухана палатасынан жанкүйерлеріне бейнеүндеу жолдаған боксшы емделіп, денсаулығын қалпына келтіруге көңіл бөліп жатқанын жеткізді. Елеусінов бұған дейін әлеуметтік желіде эмоцияға беріліп айтқан сөздері үшін өзін қатты сынамауды сұраған.

“Қазір ем қабылдауды бастадым. Тек тамырға дәрі құю емес, толыққанды, кешенді ем. Меніңше, бәрі жақсы болады. Сондықтан бұрынғы кейбір дүниелерге, бәлкім, біреуді ренжітіп қойғаныма, ауыр сөздер айтқаныма мән бермеңіздер. Кімде ондай болмайды? Менің жаман әдетім – тікелей эфирге шығу, бірақ енді олай болмайды деп ойлаймын. Өйткені бұл дерттен арылуға шындап кірістім. Жақында қатарға қосыламын. Бұрынғы көңілді, бақытты Данияр оралады”, – деді Елеусінов.

35 жастағы спортшы қазір отбасымен бірге АҚШ-та жүр.

Данияр Елеусінов өзінің ішімдікке әуестігі бар екенін мойындады.

«Бәрі мені сынап жатыр ғой, ішіп алып жол апаттына ұшарады деп. Иә, мойындамын, олимпиададан кейін алкогольге деген әуестігім оянды. Мұның қалай болғанын, бұл дертке қалай шалдыққанымды білмеймін. Бірақ бұл – күлетін нәрсе емес, бірақ адамдар күледі. Өз басына түспеген соң түсінбейді ғой. Мен де кезінде, жас кезімде түсінбей, басқаларға күлетінмін. Бірақ өмірде біреуді сынаған немесе айтқан нәрсең ертең өз басыңа келмей қоймайды. Абайлаңыздар, қазір бұл мәселемен күресіп жатырмын.

Жұрт күледі, «алкаш», «алкоголик» дейді… Иә, мойындаймын…  Бірақ сола бола тұра, мен Олимпиада чемпионымын. Әлем чемпионы, кәсіпқойлар арасында чемпион болып қалдым және алға ұмтылуды жалғастыра беремін. Мен ақталғым келмейді, бәлкім, ең үздік те шығармын. Головкиннен, Шүменовтен немесе Жәкіяновтан артықпын демеймін. Ешкімнен асып түсуге тырысқан жоқпын, тек жақсы болғым келді, бұл туралы бұрын да айтқанмын. Адамдардың бәрі мені тәкаппар деп ойлайды — жоқ, олай емес. «Генерал болғысы келмеген солдат – жаман солдат» дейді ғой, мен де чемпион, ең үздік, ең амбициялы болғым келді. Олимпиададан кейін бәрі басқаша болады деп ойладым, бірақ ойлағанымдай болмады. Десе де, әлі бәрі жақсы болады деп сенемін. Америкаға қайта келдім. Қайтадан мықты чемпион боламыз. Жақсы көріп, қолдаңыздар, жанкүйер болыңыздар. Қазақтың жігіті чемпион атанса, бұл – бәріміз үшін қуаныш қой. Ал адамды жерге түсіре салу оңай ғой…», — деп ағынан жарылған спортшы.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button