«Чемпионмен шайқас»: Әлімханұлының қанша гонорар алатыны белгілі болды
Хамзаға сауда шарттары қаржылық тұрғыдан тиімді болмаса, Шираз чемпиондықтан бас тарта салуы мүмкін екені айтылып жатыр.
Екінші орта салмақта WBO чемпионы Хамза Шираз бен қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы арасындағы титулды жекпе-жектің гонорары белгілі болды, деп хабарлайды Vesti.kz.
WBO мәліметінше, бұл жекпе-жекті ұйымдастыру құқығы үшін өткен промоутерлік саудада Queensberry Promotions компаниясы 1 001 809 доллар ұсынды және жеңімпаз атанды.
Сауда қорытындысы бойынша Ширазға 751 356 доллар, ал Әлімханұлына 250 452 доллар төленетін болып белгіленді. Жекпе-жекті өткізу үшін Лондон, Бирмингем (Англия) немесе Нью-Йорк қалалары қарастырылып жатыр.
Жекпе-жектің қаржылық шарттары
Шираз бен Әлімханұлы арасындағы жекпе-жекті ұйымдастыру құқығы үшін WBO-ның промоутерлік саудасы кеше Пуэрто-Риконың Сан-Хуан қаласында өтті. Бұған дейін боксшылардың командалары — Шираздың мүддесін қорғайтын Queensberry Promotions және Әлімханұлының ісін жүргізетін Top Rank — 10 қыркүйекке дейін келіссөз жүргізген, алайда ортақ келісімге келе алмады.
WBO ережесіне сәйкес, сауданы ұтқан промоутерлік компания жекпе-жекті өткізу құқығын алады. Ал боксшылардың гонорары кездесудің өтетін орнына қарай бөлінеді: Ұлыбританияда немесе бейтарап аумақта өткен жағдайда Шираздың пайдасына 75:25, ал Қазақстанда ұйымдастырылған жағдайда 80:20 арақатынасы белгіленеді.
Сонымен қатар Хамзаға сауда шарттары қаржылық тұрғыдан тиімді болмаса, Шираз чемпиондықтан бас тарта салуы мүмкін екені айтылып жатыр.



