Дархан Сатыбалды: Алматы бүгінде жаңа дәуірдің табалдырығында тұр

Әлем өзгеріп жатыр. Экономиканың табиғаты, технологияның қарқыны, адамдардың өмір сүру салты, қалалардың бір-бірімен бәсекелесу тәсілі түбегейлі жаңарды.
XXI ғасырды қалалар ғасыры деп атайды. Бүгінде елдердің ғана емес, қалалардың да бәсекеге қабілеттілігі олардың экономикалық қуатымен, адами капиталымен, технологиялық дамуымен және өмір сүру сапасымен өлшенеді.
Алматы XXI ғасырда Орталық Азиядағы жетекші қалалардың бірі ғана емес, өңірдегі қалалар арасындағы көшбасшылық позициясын нығайтып келе жатқан, басқа қалаларға үлгі болатын мегаполис. Бізге инвестиция тартатын ғана емес, инвестицияға жаңа мүмкіндік жасайтын; технологияны тұтынатын ғана емес, оны өндіретін; талантты сырттан іздейтін ғана емес, таланттың өзіне жол ашатын Алматы қажет.

Сондықтан бүгін Алматы алдында тұрған ең басты сұрақ – «қаланы қалай үлкейтеміз?» деген сұрақ емес, «Келешек ұрпаққа қандай қала қалдырамыз?» деген сауал.
Бұл сауалдың салмағы ауыр. Өйткені, Алматының экономикалық қуаты, ғылыми әлеуеті, мәдени ықпалы, туристік тартымдылығы мен технологиялық мүмкіндігі тұтас Қазақстанның даму бағытына әсер етеді.
Бүгінде экономикасының көлемі 72 миллиард АҚШ долларына жуықтайтын Алматы – Қазақстанның ең қуатты экономикалық орталығы. Қалада мыңдаған шетелдік компания мен әлемдік ірі корпорациялардың өңірлік кеңселері орналасқан. Қазақстанға тартылатын тікелей шетелдік инвестицияның 40 пайыздан астамы осы шаһарға тиесілі. Бұл – жәй ғана статистика емес. Бұл – Алматыға деген халықаралық бизнестің сенімі.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, әр қаланың даму моделі оның табиғи, экономикалық және адами артықшылықтарына негізделеді. Лондон қаржы орталығы, Сингапур логистика мен технологияның, Дубай туризм мен халықаралық бизнестің жаһандық хабы ретінде танылса, Алматы да экономика, білім, ғылым, мәдениет пен туризм тоғысқан Орталық Азиядағы ірі мегаполис ретінде өзінің бірегей даму моделін қалыптастырып келеді.
Қала – адам қолымен жасалған жасанды экожүйе.
Алматының оңтүстігіндегі тау бөктерлері әзірге толық ашылмаған әлеуетке ие. Егер тау кластерінің мүмкіндігі толық әрі ұқыпты пайдаланылса, Алматы әлемдегі төрт маусымдық тау туризмінің ірі орталықтарының біріне айнала алады.
Қаланың тартымдылығын арттыратын маңызды құндылықтардың бірі – тамыры терең тарихымен сабақтасып жатқан өңірдің мұрасы. Әйгілі Сақ қорғандары – соның үнсіз куәсі. Қала іргесіндегі Боралдай қорымы, Есік өңіріндегі Сақ қорғандары – Ұлы дала өркениетінің осы кеңістікте терең тамыр жайғанын көрсететін тарихи мұра.
Бұл ескерткіштерді тек археологиялық нысан деп қабылдау жеткіліксіз. Олар – бүгінгі Алматының ежелгі тарихымен жалғасатын көпірі. Алматы халқының қарқынды өсуі алдымызға жаңа әрі күрделі міндеттер қойып отыр.
Қала кеңейіп, жаңа тұрғын үйлер бой көтерген сайын қоғамдық кеңістіктерге түсетін салмақ та артып келеді. Реновация – ескі ғимараттардың орнына жаңа ғимараттар тұрғызу ғана емес, ол қаланың тарихи жадын, сәулеттік ерекшелігін, табиғи ортасын және адамның өмір сүру сапасын қатар сақтайтын күрделі процесс.

Сондықтан Алматының Бас жоспарын іске асыру аясында Placemaking, яғни «Қолайлы қоғамдық орта қалыптастыру» қағидатына негізделген кешенді даму тәсіліне басымдық берілуде.
Алматы үшін судың да орны ерекше. Таудан аққан мөлдір бұлақтар мен арықтар жүйесі шаһардың тарихи болмысының бір бөлігі. Ендігі міндет – жауын-шашын мен қар суын да тиімді пайдаланып, оны қаланың экологиялық жүйесіне қайта қосу. Оның тұжырымдамасын қытайлық ландшафт сәулетшісі Конгцзянь Юэ дамытуымен әлемге кеңінен танылды. Қытай мен Еуропаның бірқатар қалаларында қолданылып жүрген бұл тәсіл жауын-шашын мен еріген қар суын табиғи жолмен басқаруға негізделеді.
Болашақ Алматы суды көп пайдаланатын емес, суды ұқыпты пайдаланатын қалаға айналуы қажет. Бұл үшін ауыз суды өндірістік және шаруашылық мақсатта орынсыз пайдалануды шектеу, суды тазарту және қайта пайдалану жүйелерін кеңінен енгізу қажет. Қаланың әр тамшы судың құнын түсінетін жаңа мәдениетке көшуі – уақыт талабы.



