Саясат

Тоқаев вице-президенттің өкілетін бекітті

Тиісті жарлық Ақорда сайтында жарияланды.

Оған сәйкес, вице-президенттің өкілетіне өзге міндеттермен қатар “мемлекеттің ішкі және сыртқы саясаты саласындағы стратегиялық сипаттағы бастамаларды әзірлеп, президентке ұсыну”, “мемлекеттік органдармен, сонымен бірге саяси партиялармен, қоғамдық бірлестіктермен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау кезінде президент атынан өкілдік ету” кіреді.

Өз кезегінде вице-президент: өз өкілеті аясында өкім шығара алады; өз құзыретіне жататын мәселелер бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдарға тапсырма бере алады; мемлекеттік органдардан және лауазымды адамдардан қажетті ақпаратты, құжаттарды және басқа да материалдарды сұрата алады.

31 тамызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ерлан Қаринді Қазақстанның вице-президенті лауазымына тағайындады. 

Қазақстанда биыл шілде айында күшіне енген жаңа Конституция бойынша, елде вице-президент лауазымы жаңадан енгізілген. Вице-президентті қызметке Құрылтайдың келісімі бойынша президент тағайындайды және босатады. Ал мемлекет басшысы қайтыс болған немесе қызметінен кеткен жағдайда, Конституцияға сәйкес, оның өкілеті вице-президентке өтеді.

50 жастағы Қарин бұған дейін президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары, мемлекеттік хатшы, президенттің көмекшісі, президенттің кеңесшісі қызметтерін атқарған.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button