Мәдениет

Almaty Summer Fest фестивалін 250 мыңнан астам көрермен тамашалады

Алматыда қала әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған Almaty Summer Fest фестивалінің алғашқы маусымы аяқталды. Жаз бойы Алатау ауданындағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрының алаңында ашық аспан астында 13 концерт өтті.

Бағдарламаның бір бөлігі мемлекеттік мерекелер мен көрнекті мәдениет қайраткерлерінің шығармашылығына арналды. Жоба аясында Домбыра күніне, Астана күніне, Абай күніне арналған іс-шаралар, сондай-ақ Шәмші Қалдаяқовтың туған күніне орай музыкалық кеш ұйымдастырылды.

Сахнада Дос-Мұқасан, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Мәдина Сәдуақасова, Қайрат Нұртас, MuzArt, Жанар Дұғалова, Мирас Жүгінісов, Kalifarniya, Turar, Alem, Bayansulu, Садраддин, Ерке Есмахан, Нұржан Керменбаев және басқа да өнерпаздар өнер көрсетті.

Фестиваль аясында экология тақырыбына да ерекше мән берілді. Концерт барысында «Таза Қазақстан» акциясының құндылықтары насихатталып, іс-шаралар аяқталған соң көрермендер аумақ тазалығын сақтауға шақырылды.

Жаз бойы жобаға 300-ден астам өнерпаз қатысып, 1 мыңнан астам ән шырқалды. Концерттерді 250 мыңнан астам көрермен тамашалады, ал фестиваль туралы әлеуметтік желілерде жарияланған материалдардың жалпы қаралымы 50 миллионнан асты.

Almaty Summer Fest мәдени іс-шаралардың қолжетімділігін арттыруға және қала тұрғындары мен қонақтарының жазғы демалысын мазмұнды өткізуге бағытталды.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button