Саясат

«Қадірлі халқым…»: Ерлан Қарин вице-президент лауазымында алғаш рет сөз сөйледі

Бүгін Құрылтайдың жалпы отырысында вице-президент болған Ерлан Қарин алғаш рет сөз сөйледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Ең алдымен ол «Қазақстан мүлде жаңарған, жаңа елге айналғанын» атап өтті. Яғни, Қариннің пікірінше, қазір көп  салада ауқымды және терең өзгерістер жүріп жатыр. Оның оң нәтижесін халқымыз өз көзімен көріп, сезіне бастады.

«Сіздің қолдауыңыз бен сеніміңіздің арқасында елдегі осындай үлкен тарихи өзгерістердің ортасында жүруге мүмкіндік алдым. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Өзіңіз жиі айтатын бір сөз бар: әрбір азамат үшін елге қызмет ету – үлкен бақыт әрі зор мәртебе. Маған да осы жылдары осындай мүмкіндік беріп, сенім білдіргеніңіз үшін үлкен алғыс айтамын. Қандай қызметте болсақ та, әрдайым өзіңіз айқындаған міндеттерді адал атқарып, Қазақстанның болашағы үшін еңбегімді аямай, бар күшімді сала беремін», — деді Қарин.

Бұдан кейін вице-президент халыққа да алғыс айтып, Қазақстанның болашағы үшін тынбай еңбек етуге уәде берді.

«Қадірлі халқым, жаңа Конституциямен Қазақстан тарихында жаңа дәуір басталды. Ендігі мақсат – жаңа Конституцияның құндылықтарын қоғамдық өмір қағидатына айналдырып, қоғамдық санада орнықтыру. Кешегі өткен Құрылтай сайлауы, елдегі конституциялық реформалар қоғамдық өмірге көптеген жаңа есімдер мен жаңа тұлғалардың келуіне себеп болды. Яғни, құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, сіздің бастамаңызбен елде болып жатқан оң өзгерістер отаншыл, мемлекетшіл азаматтардың осындай ауқымды жұмыстарға араласуына жол ашып отыр. Осы тарихи сәтте барша ел азаматтарын Президентіміздің айналасына топтасып, жұмыла жұмыс істеуге шақырамын», — деді Қарин.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button