
Бүгін Олжас Бектенов басқаратын Үкімет жаңадан сайланған Құрылтай алдында өз өкілеттігін доғарады.
Конституцияның 69-бабына сәйкес, Үкімет жаңадан сайланған Құрылтай алдында өкілеттігін тоқтатады.
Бұдан кейін Премьер-Министр мен Үкімет мүшелері жаңа құрам жасақталғанға дейін өз міндеттерін атқаруды жалғастыра береді.
Жаңа Конституция бойынша Премьер-Министрді Президент тағайындайды. Алайда Мемлекет басшысы алдымен Құрылтайда өкілдігі бар саяси партиялардың фракцияларымен консультация өткізеді. Осыдан кейін Премьер-Министр лауазымына кандидатты Құрылтайдың қарауына ұсынады. Кандидатураны депутаттардың жалпы санының көпшілік даусымен Құрылтай мақұлдауы қажет. Келісім берілген жағдайда Президент Премьер-Министрді ресми түрде тағайындайды. Ал жаңа Үкіметтің құрылымы мен құрамы Премьер-Министр тағайындалғаннан кейін қалыптастырылады.
Премьер-Министр он күн ішінде Үкіметтің құрылымы мен құрамы бойынша ұсынысын Президентке енгізуі тиіс.



