Мәдениет

Қазақстан мен Вьетнам бірлескен киножобалар мен креативті туризмді дамытуға келісті

Вьетнамда өтіп жатқан Қазақстанның Мәдениет күндері аясында ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Вьетнамның Премьер-министрінің орынбасары Фам Тхи Тхань Чамен ресми кездесу өткізді. Тараптар мәдени-гуманитарлық байланыстардың жаңа көкжиегін талқылады, деп хабарлайды Tiek.kz.

Стратегиялық серіктестік және жаңа бағыттар

Аида Балаева бүгінде екі мемлекеттің өзара іс-қимылдың жаңа кезеңіне қадам басқанын атап өтті. Қазақстан тарапы Вьетнамның креативті индустрияны дамытудағы табысты тәжірибесіне ерекше қызығушылық танытып отыр.

«Былтыр қазақстандық-вьетнамдық қарым-қатынастар стратегиялық серіктестік деңгейіне шықты. Біз ынтымақтастық үшін кино, орындаушылық өнер, мәдени туризмнен бастап мұраны сақтау, дәстүрлі қолөнер мен заманауи дизайнға дейінгі бірқатар перспективалы бағыттарды көріп отырмыз. Осы салалардағы тәжірибе алмасу ынтымақтастығымызға жаңа серпін беретініне сенімдімін», — деді министр.

Бірлескен жұмыстың негізгі бағыттары

Келіссөздер барысында екі ел өкілдері одан әрі интеграциялау үшін негізгі салаларды айқындады:

  • Креативті туризм: Туристерді ұлттық қолөнермен, жергілікті әдет-ғұрыптармен, гастрономиямен таныстыру және шеберлік сағаттары арқылы мәдени ортаға тікелей тарту.

  • Кинематография: Өзара кино апталықтарын өткізу, екі ел аумағында кино түсіру жұмыстарын ұйымдастыру, сондай-ақ бірлескен жобаларды жүзеге асырып, фестивальдерге қатысу.

  • Мәдени бағыттар: Қазақстан мен Вьетнамның тарихи мұра нысандарын, көне қалаларын, мұражайлары мен заманауи мәдени кеңістіктерін біріктіретін кешенді туристік бағыттарды қалыптастыру.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ұсынылған бірлескен бастамаларды белсенді жүзеге асыруға дайын екендіктерін растады.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button