Қазақстанда жанар-жағармай бағасының қайта-қайта өсуі — қоғамды жиі алаңдататын тақырып. Мәжіліс депутаты Ерлан Саировтың айтуынша, бағаның құбылуы нарықтағы табиғи бәсекемен емес, өзара сыбайластығы күшті ойыншылардың ықпалымен тікелей байланысты. Бұл туралы ол журналист Ербол Сейілханның YouTube арнасына берген сұхбатында мәлімдеді.
«Ақпан айынан бастап, бүгінгі күнге дейін баға 37 теңгеге өсті. Яғни, 203 теңгеден 240 теңге болды. Үкіметтің ең негізгі уәжі — бұл саланы нарық реттеуі қажет. Бір жағынан дұрыс шығар. Бірақ бензинді нарыққа жібере отырып, бензиннің инфрақұрылымындағы монополияны жойған жоқпыз», — деді ол.
3 300 бекеттің 850-і — тек үш компанияға тиесілі
Депутаттың сөзінше, жанармай өндірісі емес, оны сақтау, тасымалдау және сату инфрақұрылымы — басты мәселе. Бұл тізбек толығымен шеңбері тар жеке құрылымдардың қолында, ал олардың ішінде саяси ықпалы бар тұлғалар да бар.
«Мысалы, мұнай өндіру зауытынан түпкі тұтынушыға дейін жеткенше жанармайды жеткізу, сақтау, сату бар. Міне, осы… әлі күнге дейін кезінде билікте болған олигархтардың қолында. Ішінде Құлыбаев та бар. Басқа да азаматтар бар», — дейді Саиров.

Оның мәліметінше, Қазақстандағы 3 300 жанармай құю бекетінің 850-і небәрі үш ірі компанияның иелігінде. Бұл — классикалық монополиялық модель, яғни нарыққа жаңа ойыншы кіруі қиын, бәсеке шектелген.
Бағаны нарық емес, ықпал топтары реттеп отыр ма?
Саировтың пікірінше, мемлекет жанармай бағасын «нарық реттейді» деп айтқанымен, нарықтың өз ішінде шынайы бәсеке жоқ. Егер тасымалдау және сақтау нарығына жаңа компаниялар кіргізілмесе, бағаның төмендеуі мүмкін емес.
«Монополияны жою қажет. Сонымен бірге бензинді тасымалдау, сақтау нарығын кеңейтіп, нарыққа басқа да компанияларды кіргізу керек. Сол кезде бәсеке пайда болады. Сонда ғана бензиннің бағасы тұрақтайды», — деді депутат.