Кіріспе
3D-принтинг – соңғы онжылдықтағы ең қарқынды дамыған технологиялардың бірі. Бүгін ол өндіріс, білім беру, денсаулық сақтау саласына тереңінен еніп, тіпті мектептер мен кітапханаларға дейін жетті. Бірақ бұл жетістікпен бірге жаңа қауіп те пайда болды: үй жағдайында атыс қаруы мен оның бөлшектерін басып шығару мүмкіндігі. Tiek.kz редакциясы әлемнің біраз елін алаңдатқан мәселені зерттеп көрген еді.
Халықаралық сарапшылар мұны болашақтағы ең күрделі қауіптердің бірі деп санайды. Ал Қазақстанда мемлекеттік органдардың жауаптары мен қолданыстағы заңнамалық база бұл жаңа қатерге дайын еместігін көрсетіп тұр.
Халықаралық сарапшылар не дейді?
«Интернетті шектеу қиын, бірақ AI-тосқауыл қажет» — Руэбен Дасс

Сингапурдағы S. Rajaratnam School of International Studies зерттеушісі Руэбен Дасс заңнамалық және техникалық шараларды ұштастырудың маңыздылығына тоқталды:
«Қазір интернеттің ауқымдылығына байланысты CAD/STL файлдарының таралуын толық бақылау мүмкін емес. Дегенмен, осындай файлдарды сақтауды қылмыс ретінде танитын заңдар көмек бере алады.
Бірақ ең маңыздысы — цифрлық қорғаныс жүйелерін дамыту. 3D-принтерлердің өзінде қару үлгілерін танитын және басып шығаруға тосқауыл қоятын жасанды интеллект негізіндегі шешімдер қажет».
Оның пікірінше, тек заң қабылдау жеткіліксіз: технологиялық тосқауыл қойылмаса, файлдарды әртүрлі әдіспен тасымалдай береді.
«Қылмыскерлерге қарудың қалай жасалатының маңызды емес» — Др. Н.Р. Джензен-Джонс

Armament Research Services (ARES) директоры, қару сарапшысы Др. Н.Р. Джензен-Джонс қазіргі жағдайды былай сипаттайды:
«Иә, 3D-басылған қаруларға қатысты қылмыстар тіркелген. Бірақ олар әзірге атыс қаруы қолданылған қылмыстардың аз бөлігін ғана құрайды. Қылмыскерлер үшін қаруды қандай тәсілмен жасау маңызды емес — 3D-басылғаны да, қолдан құрастырылғаны да, зауыттық түпнұсқасы да заңсыз нарықта қатар жүреді.
Дегенмен, 3D-басылған қарулардың үлесі өсіп келеді, бірақ әзірге аз көлемде».
Ол сондай-ақ гибридтік үлгілердің (мысалы, танымал FGC-9) қауіптілігін ескертеді:
«Көптеген жеке жасалған қарулар (PMF) – гибридтер. Яғни, оларда 3D-басылған бөлшектер мен дәстүрлі әдіспен жасалған немесе қайта өңделген детальдар біріктіріледі. Бұл тәсіл бақылауды айналып өтуге мүмкіндік береді».

«Ең басты осал тұс – құқық қорғаушылардың дайын еместігі» — Франк Гросспитш

Канадалық сарапшы Франк Гросспитш құқық қорғау органдарының дайындық деңгейіне алаңдаулы:
«әлемнің әр түкпірінде анық байқалатыны: құқық қорғау және сараптама саласында білім мен дайындық жетіспейді. Технология соншалықты тез дамып жатыр, сондықтан бұл салада арнайы дайындалған, заманауи үрдістерді үнемі бақылап отыратын мамандар қажет».
Гросспитш Қазақстан үшін нақты сценарий келтіреді:
«Мен Қазақстан тұрғынымын деп елестетіңіз. Қару-жарақтың сызбаларын көшіруге тыйым салынбайтын Басқа елге барып, онда рұқсат етілген қару файлдарын SD-картаға жазып аламын да, оны жасырын алып келемін — оны биліктің табуы өте қиын.
Қазір оқпандар мен бекітпелердің (ствол, затвор) саудасын бақылау дұрыс қадам. Бірақ айналымда үкімет қоймаларынан ұрланған қарулар бар кезде, жай ғана компоненттерді ауыстырып алуға болады».
Канадада қабылданған заңнаманың да әлсіз тұстарын ол атап өтеді:
«Бізде компьютерлік деректерді (қару сызбаларын) сақтауды қылмыс деп танытатын заң бар. Бірақ оқпан мен бекітпені сатып алу кезінде лицензия талап етілгенімен, сатушыдан сату фактісін тіркеу немесе сериялық нөмір жазу талап етілмейді. Бұл – үлкен олқылық».
«Әлі де ескі қарулар жетеді, бірақ жағдай өзгеруі мүмкін» — Джензен-Джонс
Др. Н.Р. Джензен-Джонс болашаққа алаңдаушылық танытып отыр:
«Қашан 3D-басылған қарулар кеңінен тарайтынын айту қиын. Қазір технология қолжетімді, бірақ 3D арқылы қару басумен айналысатын топ аз. Дегенмен, заңсыз нарықта фабрикалық қару тапшылығы туындаса, 3D қару өндірісі күрт өсуі мүмкін.
Қарапайым тілмен айтқанда, әлемде әлі де зауытта жасалған ескі қарулар көп».
Қазақстандағы қазіргі ахуал
Ресми жауаптарға көз жүгіртсек
- Техникалық реттеу және метрология комитеті (КТРМ) 3D-принтерлерге қатысты арнайы ұлттық стандарттардың жоқтығын мойындайды. Комитет 3D-принтерді қауіпті техникалық құралға жатқызу мәселесін Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеген.
- Ішкі істер министрлігі (ІІМ) тек Қылмыстық кодекстің 287 және 288-баптарына сілтеп, қаруды заңсыз жасау немесе ұстау үшін жауапкершілік бар екенін ғана хабарлаған.
- Бас прокуратураның Құқықтық статистика комитеті: «3D-принтер арқылы қару немесе оның бөлшектерін заңсыз жасау бойынша статистика жүргізілмейді» деп ашық жазды.
Бұл үш түрлі жауап мемлекеттік жүйенің тұтастығы жоқ екенін айқын көрсетеді.
Қарама-қайшылықтар
- Қауіпті бағалауда пікірлердің екіге жарылуы
– Халықаралық сарапшылар мәселені «шұғыл реттеуді талап ететін күрделі сұрақ» деп отыр. Ал Қазақстандағы органдар оны техникалық регламент пен қылмыстық кодекспен шектеуді қарастырады. - Деректердің жоқтығы
– Бас прокуратура статистика жүргізбейді, демек мемлекетте мәселе жоқ сияқты әсер қалдырады. Бірақ сарапшылар жасырын тасымалдау мен бақылаудан тыс импорттың оңайлығын ескертеді. - Стандарттардың болмауы
– Қазақстанда 3D-принтерлерге қатысты арнайы ұлттық стандарт енгізілмеген. Бұл сала назардан қалып отыр.
Енді не істеу керек?!
Халықаралық тәжірибе мен сарапшылардың пікіріне сүйене отырып, Қазақстан үшін мынадай шаралар өзекті:
- Заңнаманы жетілдіру:
– 3D қару сызбаларын сақтау мен таратуға нақты тыйым салу;
– оқпан (ствол) мен бекітпе (затвор) саудасын толық есепке алу және бақылау. - AI-негізделген тосқауыл:
– 3D-принтерлерде қару файлдарын автоматты түрде танитын және басып шығаруды болдырмайтын жүйелерді енгізу. - Құқық қорғаушыларды оқыту:
– 3D-басудың іздерін тануға үйрету, жаңа сот-сараптама әдістерін қолдану (қабат құрылымын талдау, құрал таңбасын зерттеу). - Қоғамдық ақпараттандыру:
– жастарға 3D қару қаупін түсіндіру, білім беру мекемелерінде жауапты қолдану мәдениетін қалыптастыру.

Қазақстанның депутаттары Tiek.kz сауалынан кейін бұл мәселені күн тәртібіне қойды. Бұл туралы Максим Рожин мәлімдеді
«Біз мұны жұмысқа алатын болдық. Бұл жерде сіз айтқандай бұл қарудың нақты схемасында болып тұр. Егер сол схема таратылатын болса, осы жерден қауіпті іздеу керек біріншіден. Біз қазір заңнаманы қарап, сараптап отырмыз. Қандай дүниелер бар бізде осы жағынан? Бұл схемалар қалай қорғалған? Осы сияқты схемалар электронды түрде бізге өтетін болса, бізде қандай тетіктер бар дегендей. Осы мәселені зерттеп болғаннан кейін жауап бере аламын сізге. Бірақ назарға алынды. Өйткені сіз айтқандай әлемде ондай қауіп байқалып жатыр».
Қорытынды
Қазақстанда бұл сала жүйелі түрде реттелмеген: стандарт жоқ, статистика жүргізілмейді, ал мемлекеттік органдардың жауаптары бір-біріне қайшы келеді. Халықаралық сарапшылардың ескертуі айқын:
«Бүгін қауіп аз болып көрінгенімен, ертең жағдай өзгеруі мүмкін».
Егер Қазақстан бұл үрдіске дайын болмаса, 3D-принтинг технологиясы заңсыз қару өндірісін жеңілдететін құралға айналады. Уақытылы әрекет ету — тек технологиялық емес, ұлттық қауіпсіздіктің кепілі.