Бір палаталы парламент — билік транзитінің бастауы ма? Иманғали Тасмағамбетов президент болуы мүмкін бе? Tiek.kz редакциясы саясаткерлер мен саясаттанушылардың пікірін білген еді.
Президенттің сенатты таратып, бір палаталы парламент құру туралы мәлімдемесі қарапайым халық ішінде сұрақты одан сайын көбейткен сыңайлы. Бір палаталы парламент болса, онда елдегі билік парламентке өте ме? Конституцияда жазылған мемлекеттік басқару формасы «президенттік» дегеннен «парламенттік» дегенге өзгере ме? Бұл туралы депутаттардың пікірі бір жерден шықты.

«Бұл – мемлекет басшысының «ықпалды парламент» деген концепциясының одан әрі парламенттің рөлін күшейтуге, бюрократияны азайтуға, сонымен қатар партиялардың рөлін күшейтуге, олардың ықпалдылығын күшейтуге және саяси партияларды бұдан былай қарай биліктің мызғымас саяси институты, бөлігі ретінде қарастыруға бағыттайтын үлкен бір бағыт. Қазақстанның басқару формасына келсек, «суперпрезиденттік» формадан президенттік формаға өттік қой. Енді оны уақыт көрсетеді. Унитарлы мемлекетте президенттік басқару формасы ғой» — деді Елнұр Бейсембаев

«Бізде бір палаталы парламент енеді. Бірақ елдің құрылымы президенттік-парламенттік республика болып қала береді» — Айдос сарым осылай деп әріптесін қолдады
Қазақстан әзірге «президенттік-парламенттік» басқару жүйесіне өтпеді. Алайда саясаттанушы Қазбек Майгелдинов осы реформа аясында ондай өзгерістер болуы мүмкін деп отыр

«Бұл жерде елдің басқару формасын өзгерту сияқты түрлі болжам жасауымызға болады. Өйткені бұл президенттік биліктен президенттік-парламенттік не болмаса тікелей парламенттік республикаға айналу үрдісі болуы мүмкін. Ол кезде бір палаталы парламенттің спикерінің құзыреті күшеюі мүмкін. Не болмаса премьер-министр лауазымының басымдығы да болуы мүмкін»
Ал, саясаткер Дос Көшім бұл реформадан өзгеріс күтпейді екен

«Бір палаталы парламент елдің басқару формасын өзгертетін шығар, бірақ биліктің жүйесін өзгертпейді. Кеңес үкіметінен бері келе жатқан әкімшілдік-әміршілдік жүйе, кейде оның ішінде тоталитарлық деп бөлінеді, авторитарлық деп бөлінеді, бәрі бір сөзбен айтқанда әкімшілік-әміршілдік жүйе. Ол Қазақстанда қала береді. Себебі бір палаталы парламент болса да, екі палаталы парламент болса да, президенттік басқару, президенттік-парламенттік басқару, парламенттік басқару болса да билікті ұстап тұрған топ оны қолынан шығармайды. Оның бәрі формалары. Ешқандай өзгерістің болмайтынының басты себебі – екінші саяси күш жоқ Қазақстанда. Жаңа жол ұсынатын, әйтпесе өзіндік бағыты бар екінші саяси күш жоқ және оның болатын да түрі жоқ. Біздің жүйеміз ондай саяси күштің құрылу мүмкіндігін жоққа шығаратын тәсілдермен сондай жүйе жасап қойды. Қысқасы, бәсекелестік жасайтындай саяси топ болмаса, қазір оны мен мүлде көріп отырған жоқпын. Телефонда отырып бірдеңе жазғандар саясаткер емес, құрылым да емес. Құрылым жоқ. Ондай жағдайда кез келген форматта билік өзінің жұмысын жүргізе алады.»
Қазбек Майгелдинов болса президенттің жолдауын басқаша талдап отыр. Оның пікірінше керісінше жаңа партиялар пайда болуы мүмкін екен.
«Бұл жерде қандай мәселе? Біріншіден, ұсыныстың талқылауға түсіп жатқанының астары, ол туралы президент те айтып өткен, саяси партияларға бәсекелес сайлауға дайындалуға мүмкіндік. Яғни біз дегенің бұл жерде жаңа саяси күштердің, жаңа саяси партиялардың пайда болуын да күтуге болады»
Сондай-ақ саясаттанушы парламент пен президенттің өкілеттері өзгере ме деген сауалға жауап берді
«Дегенмен алдағы уақытта әрине президент пен парламент төрағасының өкілеттіктерінің аражігі қайта қаралуы мүмкін. Яғни билік тепе-теңдігі өзгеруі ықтимал. Қазір конституция бойынша президенттің уақытша өкілеттілігі сенат төрағасына, одан кейін мәжіліс төрағасына, одан кейін премьер-министрге, осындай тәртіппен беріледі. Егер сенат таратылатын болса, парламент төрағасы президент өкілетін атқарушы бірінші орынға шығады. Оның конституциялық статусы да артады. Яғни мәжіліс төрағасының рөлі күшейеді. Бірақ бір нәрсені түсінуіміз керек. Президенттің өз өкілеттері бұл реформа арқылы әжептәуір өзгермейді. Сенат формасын алып тастау – президент атқаратын қандай да бір өкілеттіктеріне әсер етпеуі керек. Тек конституциялық реформа аясында қосымша, 2022 жылдағы өзгертулер сияқты өзгертулер болмаса. Яғни президент өкілеттігін тарылту немесе кейбір өкілеттіктерін азайту деген сияқты» — деп болжап отыр Қазбек Майгелдинов
Саясаткер Дос Көшім сенатты таратуға не себеп болғанына байланысты өз пікірін айтты
«1995 жылы конституция қабылданғаннан кейін соның ішінде сенат пен мәжіліс болды. Сенаттың негізгі міндеті біреу-ақ тұғын. Оның алдында президент шындығында да біраз қыспаққа түскен парламенттің алдында. Депутаттар қатты-қатты өкпесін де айтатын, өздерінің талабын да айтатын. Сондықтан президенттің конституцияға сенатты кіргізу себебі, сенат – мәжіліс пен президенттің арасындағы өтпелі астар сияқты болды. Ол – президент өзі халыққа жаманатты көрінбесі үшін сенатты пайдаланды. Мәжілістегі президенттің көңіліне жақпайтын заңдарды немесе соның ішіндегі баптарды сенат арқылы тоқтатты да Назарбаев. Ал қазір ондай парламент жоқ. Демек парламенттен сенат арқылы қорғанудың да қажеті жоқ. Содан кейін сенатты алып тастауға да толық болады. Ол өзінің қызметін кезінде атқарды. Қазір парламент толығымен атқарушы биліктің қолында. Президенттің қолында дейік. Тағы да айтамын, жаңа бір саяси күші сахнаға шыққан жоқ. Сондықтан да бұл ешқандай өзгеріске әкелмейтіні түсінікті.»
Бірнеше жылдан бері «Иманғали Тасмағамбетов президент болады» деген болжам айтылып келеді. Соңғы жаңалықтардан кейін бұл қауесет қайта жанданғандай болды.

Сарапшылар бұл болжамға күмәнман қарайды екен
«Тасмағамбетов Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының төрағасы (бас хатшы) ретінде соңғы интервьюін айтатын болсақ, президент Тоқаевты қолдайтынын жариялап, ашық сайлауалды саясатқа араласпайтыны туралы пікір айтқан болатын. Сондықтан бұл жерде 2 пікір бар. Біреуі – сол қатысуы мүмкін деген, екіншісі Тасмағамбетовтің өзі тікелей айтқан сөзі. Менің ойымша керісінше билік аражігінде сол парламент төрағасы кім болады, өйткені ол 2027 жылы болатын болса, 2 жылдан кейін президенттің өкілеттік мерзімі аяқталады. Яғни одан кейінгі президент өкілеттілігі, конституциядағы қызметі парламент төрағасымен салыстырғанда азая ма, төмендей ме, осы мәселе жөнінде болуы керек» — Қазбек Майгелдинов деп екіұшті қайырды
«Менің ойымша оның ондай амбициясы жоқ. Және ол Назарбаевтың ең сенімді өкілдерінің біреуі ғой. Біреуі Тоқаев. Назарбаевтың ең сенімді адамы. «Назарбаевтың моделін жалғастырып жүрмін» деп ашықтан-ашық сайлауалды бағдарламасында жазған. Саяси сабақтастық деген Тоқаев. Ол – бірінші досы Назарбаевтың. Екінші – Тасмағамбетов. Екеуі келгеннен тағы еш нәрсе өзгермейді. Тасмағамбетов бірақ Назарбаевтан гөрі қатаңдау болуы мүмкін. Бірақ сол жүйе, сол бағыт» — саясаткер дос көшім пессимистік болжаммен сөзін аяқтады
Осы орайда Tiek.kz жүргізген сауалнаманы еске салған жөн болар. Депутаттардан «саясаттағы үлгі тұтатын тұлға кім?» деп сұраған едік. Дені «Иманғали Тасмағамбетов» деп жауап берді
Референдум қашан өтеді? Ол туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Михаил Бортниктен сұрадық

«Референдум туралы заңға сәйкес референдумды өткізу уақытын мемлекет басшысы белгілейді. Сондай-ақ референдумға шығарылатын сұрақтарды да президент бекітеді. Сондықтан күтеміз.»
Референдум өтсе, сол жылы парламент сайлауы болуы мүмкін бе?
«Бір жылда 2 саяси науқан өткізуге заңмен тыйым салынбаған. Көре жатармыз» — деп жауап қатты Михаил Бортник
Яғни қалауын тапса бір жылда 3 сайлау өткізуге еш тыйым жоқ. Ең бастысы — референдумға қандай мәселе шығарылатынында. Бір палаталы парламент құру туралы ғана бола ма, әлде парламент пен президент құзыретін қайта қарау да халықтың дауыс беруі арқылы шешіле ме? Негізгі талқылау осы бағытта болатын сыңайлы