Көпір қашан салынады?
Былтыр көктемдегі тасқын кезінде Қостанай қаласы мен облыстың оңтүстік аудандарын байланыстырып тұрған жол бойындағы көпірдің бірін су шайған болатын. Өткел қайтадан салынып жатыр. Аймақ тұрғындарының өтініші бойынша Tiek.kz редакциясы облыс әкімдігіне сауал жолдаған.
Қостанай облысы әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы берген жауабында құрылыс осы жылдың соңына дейін аяқталады екен
«Аталған көпірдің құрылысы жобалау сметалық құжаттама және мемлекеттік экспертизаның қорытындысы бойынша 2025 жылдың 1 қарашасына дейін аяқталады деп жоспарланған»

Азаматтарды алаңдатқан тағы бір мәселе — құрылыс аяқталғанша көпірді айналып өтетін жолдың жағдайы болатын. Олар балама өткелмен жүру қиындап барады деп арызданған еді. Бір көлік қана өтетіні өз алдына, күн санап отырып жатыр дейді. Алайда, аймақтық атқамінерлер айналма жолдың жағдайы қанағаттанарлық деңгейде деп отыр.

Биыл көктемде былтырғыдай су келсе бұған да зар болып қалмаймыз ба?! Бұл — облыс орталығына осы өткел арқылы қатынап отырған Жангелдин, Амангелді аудандары мен Арқалық қаласының халқын толғандырған сұрақтың бірі. Өңір шенеуніктері ол жағын да ойластырып қойыпты.
«Көктемгі тасқын су жолды шайып кетпеу үшін алдын ала алу жұмыстары жүргізілді. Жангелдин, Амангелді ауданы тұрғындарын облыс орталағымен байланыстыратын «Торғай-Шилі-Аралкөл» балама жолы бар. Ал, Арқалық қаласы тұрғындары үшін Ақмола облысы арқылы балама жолы болып қала береді»

Әкімшіліктің жоспары бойынша биыл қарашада аяқталуы тиіс дедік. Солай болғаны халыққа да, билікке де жақсы. Ең бастысы мердігер компанияның мерзімінде құрылысты бітіруге құлқы болса болғаны. Өйткені бөлінген қаржы аз емес сияқты.
«Көпірді қалпына келтіру үшін жобалау сметалық құжаттама құны 1 млрд. 22 млн. теңгені құрайды. Нысанды уақытында және сапалы аяқтау мердігер ұйымның әлеуеті жеткілікті. Материалдық ресурстар және еңбек ресурстарымен барынша қамтамасыз етілген. Нысанды уақытылы және сапалы пайдалануға беру мақсатында Басқарма жағынан бақылау күшейтілген»

Бақылау күшейтілген дейді. Енді халықтың бар тілегі — көктемде былтырғы тасқынның қайталанбауы.



