
Семейдің орталығында орналасқан «BalaPark» балалар ойын-сауық орталығында өрт шықты.
Әлемжеліде ересектер мен бала-шағаның ойын-сауық орталығынан қашып жатқан сәті түсірілген бейнежазбалар тарап жатыр. Куәгерлердің түсірген видеоларынан ғимараттың төбесінен қара қою түтін көтеріліп, алып ғимараттың толықтай жалынға оранғаны байқалады.
Оқиға орнына жеткен өрт сөндіру қызметінің ақпаратына сәйкес, ғимараттың шатырының бір бөлігі құлаған. Төтенше жағдай кезінде келушілер мен қызметкерлер дереу эвакуацияланған. Зардап шеккендер туралы ақпарат әзірге түспеді.
Абай облысы ТЖД басшысы Манарбек Шапағатовтың айтуынша, өрт сөндірушілер жеткен кезде орталық ғимараты түгелдей ашық жалынмен жанып жатқан. Өрт тез өршіп, ғимараттың шатыры опырылған.
«Оқиға орнына жеткенде ғимарат толықтай отқа оранған еді. Әкімшілік қызметкерлерінің айтуынша, өрт кезінде адамдар ғимарат ішінде болмаған. Қазір өртті сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ғимараттың құрылымы құлау қаупі бар, әсіресе екінші және үшінші қабаттар арасындағы конструкцияның тұрақсыздығынан толыққанды барлау жүргізу мүмкін болмай тұр», – деді ол.
Өртті сөндіруге орталықтың аумағы бойынша арнайы техникалар жұмылдырылып, су үздіксіз жеткізіліп жатыр. Қазіргі таңда өрт сөндірушілер өртті толық бақылауға алуға тырысуда. Төтенмин өрттің ғимарат ішіндегі жоғары температура мен қатты түтін салдарынан күрделене өршелене түскенін хабарлады. Қаланың төбесін қара қою түтін басқан.



