Оқиға
Тренд

«Назарбаев Университетіне тиесілі пәтерден қару-жарақ арсеналы табылды»: полиция арнайы мәлімдеме жасады

Назарбаев Университетіне тиесілі пәтерден қару-жарақ арсеналы табылды деген ақпарат жалған болып шықты, деп хабарлайды tiek.kz.

Астана қаласының полиция департаменті әлеуметтік желілерде тарап жатқан шетелдіктердің қару-жарақ арсеналымен ұсталғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын хабарлады. Полицияның мәліметінше, қару табылды деген ақпарат рас, бірақ ол антикварлық дүниелер.

«Тұрғын үйге белгісіз заттардың кіргізілгені расталды. Хабарлама қырағы тұрғыннан түсіп, оқиға орнына полиция қызметкерлері жедел жетті.

Тексеру барысында жәшіктің ішінде тарихи және мәдени құндылығы бар антикварлық қару-жарақтар болғаны анықталды.

Сарапшылардың қорытындысы бойынша, олар қазіргі заманғы жауынгерлік қаруға жатпайды.

Тұрғындарға төніп тұрған қауіп жоқ.

Сонымен қатар, аталған дерек бойынша қолданыстағы заңнама аясында тексеру жүргізіліп жатыр.

Азаматтарды сабыр сақтауға және жалған ақпарат таратпауға шақырамыз», — делінген хабарламада.

Nazarbayev University әкімшілігі де таралған ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін ресми түрде мәлімдеді. Университет өкілдерінің айтуынша, бұл оқиға тұрғындардың бірінің қате түсінігінен туындаған.

«Тұрғын үй кешенінің тұрғыны пәтердегі антикварлық бұйымды көріп, оны қателесіп жауынгерлік қару деп қабылдаған. Содан соң құқық қорғау органдарына хабарласқан. Бұл экспонаттар Қазақстанға әуе көлігі арқылы белгіленген тәртіппен жеткізілген. Растайтын құжаттары бар. Экспонаттар иелері де Назарбаев Университетінің оқытушылары немесе қызметкерлері емес» екенін қосымша хабарлаймыз», — делінген хабарламада.

Бұған дейін Астанадағы Highvill кешенінде қару-жарақ арсеналы табылғаны туралы ақпарат тараған еді.

Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Оның айтуынша, Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері арнайы операция жүргізіп, екі шетелдік азаматты қолға түсірген. Олардан түрлі атыс қарулары алынған. Сондай-ақ депутат қару табылған пәтердің де Назарбаев Университетінің балансында болғанын айтқан.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button