Саясат
Тренд

Тоқаев Вице-президент институтын құруды ұсынды

Ұлттық құрылтайдың қорытынды отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда Вице-президент институтын құруды, мемлекеттік басқару жүйесін оңтайландыруды және Конституцияның бірқатар нормасын нақтылау қажеттігін мәлімдеді

Президенттің айтуынша, бұл бастамалар соңғы жылдары кезең-кезеңімен жүргізіліп келе жатқан саяси реформалардың қисынды жалғасы болмақ.

«Халықта “әр нәрсе уақытымен” деген сөз бекер айтылмаған. Меніңше, дәл сондай уақыт келді», — деді Мемлекет басшысы.

Вице-президент институты Конституциямен бекітіледі

Президент Қазақстан Республикасында Вице-президент лауазымын енгізуді ұсынды. Бұл норма Конституцияда нақты көрсетілуі тиіс.

Жаңа тәртіпке сәйкес:

  • Вице-президентті Президент тағайындайды;

  • тағайындау Парламенттің келісімімен жүзеге асады;

  • шешім қарапайым көпшілік дауыспен қабылданады.

Вице-президенттің өкілеттігін Мемлекет басшысы айқындайды.

Президенттің айтуынша, Вице-президент:

  • халықаралық форумдар мен келіссөздерде Қазақстанның мүддесін білдіреді;

  • Президенттің Парламенттегі өкілі болады;

  • қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды;

  • Мемлекет басшысының өзге де тапсырмаларын орындайды.

Бұл негізгі функциялар Конституция мәтінінде нақты жазылуы қажет.

Мемлекеттік кеңесші лауазымы жойылады

Президент жаңа өзгерістер аясында мемлекеттік басқару құрылымы қайта қаралатынын айтты.

Атап айтқанда:

  • Парламенттің қазіргі қызметін қамтамасыз ететін бірқатар аппараттық құрылымдар қысқартылады;

  • Мемлекеттік кеңесші лауазымы толықтай жойылады;

  • Президент Әкімшілігінің құрылымы мен басқару жүйесі практикалық қажеттілікке сай реформаланады.

Осы сәтте Мемлекет басшысы залда отырған Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринге қарап:

«I’m really sorry», — деп әзіл аралас ишара білдірді.

Бұл сөз Құрылтай қатысушылары арасында ерекше назар аудартты.

Президенттік билік әлсірейді деген сөз жоқ

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл өзгерістер президенттік басқару моделін әлсіретпейтінін қадап айтты.

«Бұл конституциялық жаңалық Президент институтының әлсіреуін білдірмейді. Керісінше, Президент мемлекет жүйесіндегі басты тұлға болып қала береді», — деді ол.

Президент Қазақстанның президенттік республика ретінде дамуын жалғастыратынын атап өтті.

Конституциядағы Президентті ауыстыру тәртібі нақтыланады

Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Конституцияның кейбір нормаларына кәсіби заңгерлер тарапынан ұсыныстар түскенін де айтты.

Атап айтқанда, Президент өкілеттігінің тоқтауына байланысты тетік нақтылауды қажет етеді.

Қазіргі Конституцияға сәйкес:

  • Президент өз міндетін атқара алмайтын жағдайда өкілеттік қалған мерзімге Сенат төрағасына беріледі;

  • егер Сенат төрағасы да бұл міндетті орындай алмаса, өкілеттік өзге лауазымды тұлғаларға өтеді.

Президенттің айтуынша, мәселе «қалған мерзім» деген түсініктің нақты болмауында.

«Бұл мерзім алты ай да, алты жыл да болуы мүмкін. Сондықтан бұл норма айқын болуы тиіс», — деді Мемлекет басшысы.

Осыған байланысты Президент маңызды ұсыныс жасады:

«Егер Мемлекет басшысы мерзімінен бұрын қызметтен кетсе, екі ай ішінде кезектен тыс Президент сайлауы өтуі керек деген норма Конституцияда нақты жазылуы қажет».

Президенттің айтуынша, бұл халықаралық озық тәжірибеге толық сай келеді.

«Еліміздің кез келген басшысы билікке тек сайлау арқылы, яғни заңды жолмен келуі керек. Бұл – мен үшін мызғымас ұстаным», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол бұл қағида кейінгі мемлекет басшылары үшін де өзгермейтін талап болуы тиіс екенін атап өтті.

Үш негізгі реформа — бір жүйелі модель

Президенттің пікірінше, ұсынылып отырған реформалар:

  • бір палаталы Парламент – Құрылтайға көшу;

  • Халық кеңесін құру;

  • Вице-президент институтын енгізу

мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі жетілдіреді.

«Бұл өзгерістер еліміздің әлеуетін арттырып, дамуына қуатты серпін береді», — деп түйіндеді Мемлекет басшысы.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

Басқа жаңалықтар

Back to top button