Саясат
Тренд

Тоқаев: Халықаралық құқық әлсіреп, әлемде сенім дағдарысы күшейіп келеді

V Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық ахуалдың күрделене түскенін айтып, сыртқы саясаттағы жауапкершілік бұрынғыдан да арта түскенін мәлімдеді

Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі таңда халықаралық құқық нормаларының эрозиясы байқалып, мемлекеттер арасындағы сенім дағдарысы тереңдеп барады.

«Бүгінгі таңда халықаралық құқықтың әлсіреуіне куә болып отырмыз. Әлемдік аренада сенім дағдарысы ушығып келеді», — деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәліметінше, қазіргі уақытта жаһандық әскери шығын көлемі шамамен 3 триллион долларға жеткен, ал 2035 жылға қарай бұл көрсеткіш екі есе ұлғаюы мүмкін.

Президенттің сөзінше, милитаризацияның күшеюі халықаралық қоғамдастықтың әділетті әрі тұрақты әлемдік тәртіп құру жолындағы күш-жігеріне кері әсерін тигізіп отыр.

Сыртқы саясат теңгерімді болуы тиіс

Мемлекет басшысы мұндай жағдайда сыртқы саясат барынша салмақты әрі ұлттық мүддені қорғауға бағытталуы қажет екенін атап өтті.

«Сыртқы саясатымыз барынша теңгерімді, мемлекетіміздің стратегиялық мүдделерін қорғауға және ілгерілетуге бағытталуы тиіс», — деді ол.

Президент дипломатия саласындағы қателіктің салдары аса ауыр болатынын ескертті.

«Дипломатияда қате шешімнің құны тым жоғары. Ол мемлекеттің ұзақмерзімді мүддесіне орны толмас зиян келтіруі мүмкін. Мұны, өкінішке қарай, өз тәжірибемізден білеміз», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Халықаралық келісім — қайтарымсыз шешім

Президент бағдарламалық құжаттарды өзгертуге болатынын, алайда халықаралық келісімдерге қойылған қолтаңбаның кері қайтарылмайтынын ерекше атап өтті.

«Бағдарламалар мен тұжырымдамаларды өзгертуге болады. Ал халықаралық шарттарға қойылған қолтаңба кері қайтарылмайды. Не жазылса — сол күйінде қалады», — деді Мемлекет басшысы.

Дипломатия — қақтығыс емес, келісім жолы

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, дипломатияның басты миссиясы — халықаралық қақтығысты ушықтыру емес, келісім мен өзара түсіністікке қол жеткізу.

«Дипломатия — ымыра мен келісім табудың ең маңызды құралы. Ол қақтығысқа емес, бейбіт диалогқа бастауға тиіс», — деді Президент.

Мемлекет басшысы кез келген жанжал шынайы ниет пен кәсіби тәсіл болған жағдайда шешімін таба алатынын атап өтті.

Авраам келісімдері — бейбітшілікке бағытталған бастама

Президент Қазақстанның Авраам келісімдеріне қосылу шешімін дұрыс әрі салмақты қадам ретінде бағалады.

Оның айтуынша, бұл келісімдер Таяу Шығыста орнықты бейбітшілік орнатуға бағытталған және қазіргі геосаяси жағдайда дипломатиялық инновация саналады.

«Авраам келісімдері — тарихи контекст пен қазіргі саяси шындықты терең түсінудің нәтижесі», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

Басқа жаңалықтар

Back to top button