Иран мен Украинада сайлау учаскесі болмайды — ОСК

Иран, Украина және Эфиопия елінде 23 тамызда өтетін Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлау учаскесі болмайды. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Азамат Айманақұлов мәлімдеді. Айтуынша, мұндай шешім азаматтардың қауіпсіздігі үшін жасалған.
«Әскери және саяси жағдайға байланысты Қазақстанның Иран мен Украинадағы елшіліктері жанындағы сайлау учаскелерін тоқтату туралы шешім қабылданды. Бұл Эфиопияға да қатысты», — деп атап өтті ол.
Оның айтуынша, 61 шет мемлекеттегі Қазақстан Республикасының өкілдіктері жанынан 79 сайлау учаскесі құрылған. Олардың мекенжайлары Сыртқы істер министрлігі мен Орталық сайлау комиссиясының ресми интернет-ресурстарында жарияланған.
Жалпы барлығы 10 424 сайлау учаскесінде дауыс беру ұйымдастырылады.
Құрылтай сайлауын бақылауға 18 шет мемлекет пен бес халықаралық ұйымнан 121 байқаушы қатысады.
Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерманның айтуынша, 17 тамыз сағат 13:00-дегі жағдай бойынша Орталық сайлау комиссиясына халықаралық байқаушыларды аккредиттеуге тиісті өтінімдер түскен.
Елдер арасында ең көп байқаушы Қытай Халық Республикасынан – 21 адам келеді. Одан кейін АҚШ – 19 байқаушы. Таиланд Корольдігінен 10, Ұлыбританиядан 9, Түркиядан 7, Моңғолиядан 4 байқаушы ұсынылған, – деді ол.
Сондай-ақ, Үндістан, Индонезия және Франциядан үш-үштен, Ирак, Словакия, Өзбекстан, Филиппин және Жапониядан екі-екіден байқаушы келеді. Бельгия, Иордания, Сербия және Түрікменстаннан бір-бір кандидатура ұсынылған.
Халықаралық ұйымдардан да байқаушылар қатысады.
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының байқаушылар миссиясынан – 8, ЕҚЫҰ-ның сайлауды байқау жөніндегі миссиясынан – 7, Шанхай ынтымақтастық ұйымынан – 6, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясынан – 4, Түркі академиясынан 3 байқаушы ұсынылған, – деді Мұхтар Ерман.
Осыған байланысты Орталық сайлау комиссиясы шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу туралы қаулы жобасын дайындады.
Сондай-ақ 29 елден 38 журналист келіп, ақпарат таратпақ. Олардың алды 20 тамыздан бастап елге келмек.



