Экс-депутат Бақытжан Базарбек адам қағып кетті – БАҚ
БАҚ мәліметтеріне сенсек, оқиға халықаралық «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» автожолында болған.

Жамбыл облысында бұрынғы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек адам қағып кетті деген ақпарат тарады.
БАҚ мәліметтеріне сенсек, оқиға халықаралық «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» автожолында болған.
Бастапқы мәліметтер бойынша, жолда алдымен жеңіл автокөлік сиырды қағып кеткен. Осыдан кейін бір топ ер адам жүйткіп келе жатқан көліктерге кедергі келтірмеу үшін өлексені жолдың жүру бөлігінен алып тастауға тырысқан. Дәл осы сәтте Базарбек тізгіндеген «Toyota Rav-4» автокөлігі жолда тұрған азаматтардың бірін қағып кеткен.
Соқтығыс салдарынан 36 жастағы ер адам ауыр жарақат алып, шұғыл түрде Т. Рысқұлов аудандық орталық ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілді. Дәрігерлердің хабарлауынша, науқастың жағдайы өте ауыр. Оған жабық бас-ми жарақаты және мидың соғылуы, білек сүйегінің жабық сынуы, сирақ сүйегінің ашық сынуы және I дәрежелі травматикалық шок диагноздары қойылған.
Апат салдарынан Базарбек медициналық тексеруден өтті. Оның ағзасынан алкоголь табылмады.
Жамбыл облыстық полиция департаменті апатты растап, қылмыстық тергеу басталғанын хабарлады.
«Т.Рысқұлов ауданындағы жол-көлік оқиғасына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала ақпарат бойынша, Toyota жүргізушісі Б. жолда келе жатқан ер адамды қағып кеткен. «Апат салдарынан жәбірленуші орталық аудандық аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылды”, – деп түсіндірді полиция.
Қазір қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.



