Оқиға

eGov жүйесінен алынған: 15 млн адамның жеке деректері сатылымға шығарылғаны туралы ақпарат тарады

Онда азаматтардың паспорттық деректері, телефон нөмірлері, электрондық пошта мекенжайлары, жұмыс орындары, құжаттардың скан-көшірмелері және парольдер қамтылған.

Министрлік даркнетте жарияланған мәліметтердің eGov жүйесінен алынғаны әзірге расталмағанын мәлімдеді.

Қазақстан азаматтарының дербес деректері даркнетте жарияланғаны туралы ақпарат тарады.

Хабарлама авторы 15 млн қазақстандықтың деректері бар базаны мемлекеттік электрондық қызметтердің бірі – eGov жүйесін бұзу арқылы алғанын мәлімдеген.

Даркнеттегі shymzz13 лақап атымен отырған қолданушы деректер базасын 0,5 биткоинге, яғни шамамен 32 мың долларға бағалаған. Хабарламада 2,7 ГБ көлеміндегі файлда 47 млн жол бар екені, онда азаматтардың паспорттық деректері, телефон нөмірлері, электрондық пошта мекенжайлары, жұмыс орындары, құжаттардың скан-көшірмелері және парольдер қамтылғаны айтылған.

Алайда бұл ақпараттың eGov жүйесінен алынғаны әзірге расталған жоқ.

Министрлік: eGov жүйесінің бұзылғаны туралы расталған ақпарат жоқ

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Қазақстан азаматтарының дербес деректерінің таралуы және олардың даркнетте жарияланғаны туралы ақпараттан хабардар екенін мәлімдеді.

Қазіргі уақытта бейінді қызметтермен бірлесіп, жарияланған ақпаратқа техникалық тексеру жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, ұсынылған деректер үлгілері талданып, олардың ықтимал шығу көзі анықталып жатыр.

Қазіргі таңда электрондық үкіметтің ақпараттық жүйелерінің бұзылғаны және аталған деректер базасының тікелей eGov жүйесінен алынғаны туралы расталған ақпарат жоқ, – деп хабарлады министрлік.

Ведомство жарияланымдарда көрсетілген ақпараттың бір бөлігі электрондық үкімет деректерінің құрылымы мен форматына сәйкес келмейтінін атап өтті. Мәселен, eGov жүйесінде жарияланымдарда көрсетілген форматтағы паспорттардың скан-көшірмелері сақталмайды. Ал цифрлық құжаттардың форматы өзгеше.

Министрлік сондай-ақ даркнет қолданушысының деректер базасының шығу тегіне қатысты мәлімдемесі eGov жүйесінің бұзылғанын растайтын дәлел бола алмайтынын атап өтті.

Техникалық тексеру жалғасып жатыр

Министрліктің мәліметінше, техникалық тексеру жалғасып жатыр. Оның қорытындысы бойынша қосымша ақпарат беріледі.

Ведомство азаматтарға цифрлық қауіпсіздіктің негізгі талаптарын сақтауды ұсынды. Атап айтқанда, SMS-кодтарды, парольдер мен ЭЦҚ деректерін үшінші тұлғаларға бермеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу және әртүрлі сервистер үшін түрлі парольдерді пайдалану қажет.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button