
Астана іргесіндегі су айдынында демалып жүрген 2015 және 2017 жылы туған екі әпкелі-сіңлілі қыз көз жұмды деген ақпарат тарады.
Оқиға Ақмола облысы Целиноград ауданының Қоянды ауылы маңындағы орталық жағажайда болған.
Ақмола облыстық полиция департаменті 10 тамыз күні Қоянды ауылындағы су қоймасының орталық жағажайында кәмелетке толмаған екі қыздың суға батып кеткенін растады.
Алдын ала мәлімет бойынша, демалыс кезінде ата-анасы бір сәтке қыздарынан көз жазып қалған. Көп ұзамай екі қыздың да денесі су ішінен табылған. Құтқарушылар мен медицина қызметкерлері балаларға шұғыл көмек көрсеткенімен, олардың өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.
Аталмыш дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір қажетті тергеу амалдары жүргізілуде, тергеу нәтижесі бойынша түпкілікті шешім қабылданады.



