
Қазіргі таңда Үкімет тарапынан елімізде инклюзивті қоғам құру, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту және мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа орналастыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын жоғары бағалаймыз. Әсіресе, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында қорғауға мұқтаж топтарды жұмыспен қамту бағдарламаларының іске қосылуы және арнайы жұмыс орындарын құруды субсидиялау тетіктерінің жұмыс істеп тұрғаны қуантады. Бұл шаралар мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігінің айқын көрінісі болып отыр.
Мәселен, елімізде 2018 жылдан бастап халықаралық тәжірибені ескере отырып, мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орнын жабдықтауға байланысты жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау тәртібі енгізілді. Субсидиялар жұмыс берушілерге арнайы жұмыс орындарын жарақтандыру үшін жабдықтарды сатып алуға, монтаждауға және орнатуға жұмсалған шығындарды өтеу мақсатында беріледі.
2026 жылдың 1 шілдеге 43 арнайы жұмыс орны құрылды (23 – есту қабілеті бұзылған МбА үшін, 13-көру қабілеті бұзылған МбА үшін, 7-тірек-қимыл аппараты бұзылған).
Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мұндай шаралары тұрақты негізде жетілдіріліріп келеді. Мәселен, бұл механизм 2022 жылдың соңында қайта қаралғаны белгілі.
2023 жылдан бастап жабдықталған арнайы жұмыс орындарына алынатын мүгедектігі бар адамдардың жалақысын субсидиялау қолға алынды. Субсидиялау уақыты үш жылды қамтиды.
Алғашқы жылы шамамен жалақының 70 пайызын мемлекет (бұл ретте субсидияланатын бөлігі 30 АЕК-тен (118 мың теңге) аспауы тиіс, ал қалған 30 пайызын жұмыс беруші субсидиялайды.
Ал екінші жылы 65 пайызын мемлекет есебінен, қалған 35 пайызы жұмыс беруші есебінен жасалады.
Үшінші жылында 60 пайызын мемлекет, ал қалған 40 пайызын жұмыс беруші төлейді.
Осы жылдың бірінші шілдедегі есебі бойынша барлығы 235 мүгедектігі бар жандардың жалақысына субсидиялар төленіпті. (Нақты айтар болсақ, 19 МБА 2026 жылы жұмысқа орналастырылған, 105 МБА, 2025 жылы орналастырылған, және 111 МБА 2024 жылы орналастырылған).
Жалпы инклюзивті кәсіпкерлік үлгілері — әлеуметтік мәселелерді (әсіресе мүгедектігі бар адамдарды, аутизм спектрі бұзылған жастарды және басқа осал топтарды) шешуді бизнес-модельмен біріктіретін тәсілдер.
Олардың негізгі мақсаты — тек пайда табу емес, жұмыс орындарын құру, бейімдеу, әлеуметтену және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету.
Аталмыш кәсіпорындардың негізгі сипаты мынадай:
жұмысшылардың едәуір бөлігі (көбіне 30–80 %) мүгедектігі бар адамдар. Олар нарықта бәсекеге қабілетті өнім/қызмет ұсынады, бірақ әлеуметтік миссиясы бірінші орында. Артықшылықтары: нақты жалақы, әлеуметтік пакет, ұзақ мерзімді жұмыс, қоғамдық интеграция.
Соның дәлелі ретінде Астанадағы «Тата» инклюзивті наубайханасын айтуға болады. Найбаухана аутизм спектрі бар жастарды жұмыспен қамтып отыр.
Сол секілді Kunde инклюзивті кофеханасы (Астана/Алматы, 50-ден астам мүгедектігі бар адам тағылымдамадан өтіп, қазір ондаған адам тұрақты жұмыс істейді.
Жалпы елімізде ерекшелігі бар жандарды ашық еңбек нарығындағы кәдімгі жұмыс орнына орналастырып, жеке қолдау (тьютор, коучинг, бейімдеу) көрсету жолы жақсы жолға қойылған. Яғни мүгедектігі бар адамның өз бетінше бизнес ашуына, грант, оқыту, микрокредит беру секілді қолдаулар бар. Қазақстанда «Бастау Бизнес» және мемлекеттік гранттар осыны қолдайды.
Қазақстанда инклюзивті кәсіпкерлік 2021 жылғы «Әлеуметтік кәсіпкерлік туралы» заңнан кейін ресми мәртебе алды. Әлеуметтік кәсіпкер мәртебесін алу үшін:штаттың кемінде 50 %-ы әлеуметтік осал топтардан болуы немесе табыстың кемінде 50 %-ы осы топтардың өнімінен түсуі керек.
Мәртебе иелеріне салық жеңілдіктері қарастырылған.
Осындай мемлекеттік қолдаудың арқасында елімізде «Тата» инклюзивті наубайханасы сияқты бірегей жобалар өз жұмысын жалғастырып келеді. Аталмыш кәсіпорын ерекше қажеттіліктері бар (оның ішінде ментальды ерекшеліктері бар) жастарды тұрақты жұмыспен қамтып, олардың қоғамға бейімделуіне, өз еңбегімен табыс табуына тікелей үлес қосуда.
Айгүл Ешматова мамандығы бойынша – дәрігер. Бірақ бүгінгі күні ол ерекше қызметкерлер еңбек ететін «Тата» инклюзивті наубайханасының жетекшісі ретінде қызмет атқарады. Оның осындай шешімге келуіне жеті жыл бұрын отбасында аутизм диагнозымен дүниеге келген ұлы түрткі болды.
Оның айтуынша, қоғамның ерекше адамдарды қабылдауға мүлде дайын еместігін анық байқағаннан кейін бастаманы өз қолына алуды жөн көрді. Осылайша қазіргі таңда аутизм спектрінің бұзылуы бар (АСБ) ересек жастар жұмыс істеп, тағылымдамадан өтетін «Тата» инклюзивті наубайханасы (сүйікті күтушісінің құрметіне қойылған) жұмыс істей бастады.
«Тек жақсы ниетпен, құр энтузиазммен алысқа бара алмайсың. Бір-екі жыл шыдайсың, бірақ бізге өсу, ауқымды кеңейту қажет. Біз бұл бизнестің табыс әкелетінін өзгелерге дәлелдеп, үлгі болуымыз керек. Шынымды айтсам, мен ана ретінде ұлым өмір сүретін қоғамды инклюзияға дайындағым келеді. Қазір елімізде инклюзия 99 пайызға жоқ деуге болады, бірақ біз — миллениалдар буынымыз. Бізде тәжірибе де, мүмкіндік те, жігер де бар. Осы қатып қалған қате парадигманы бұзуымыз керек. Қазақстанда туыстық қарым-қатынас, жанашырлық жақсы дамыған, бұл бізге жеңілдік береді. Бірақ менің қалауым — бұл балалардың қоғамға, мемлекетке соншалықты интеграциялануы, оларға ешкімге жүк болмайтындай қауіпсіз, тәуелсіз болашақ сыйлау», – дейді ол.
Сонымен қатар қарапайым халықтың қолдауы ерекше болды. «Қарапайым адамдардың эмпатиясы өте жоғары. Біреуі келіп «мен электрикпін, көмек керек пе?» десе, тағы бірі тегін маңдайша жасап берді, тағы бірі картиналар сыйлады. Қоғам жақсылыққа серік болуға дайын, тек оларға бағыт сілтейтін мысалдар аз. Біз сондай үлгі болғымыз келеді», – дейді кәсіпкер. Қазір мұнда алты ерекше қызметкер (үшеуі түске дейін, үшеуі түстен кейін) тағылымдамадан өтіп жатыр.



