Шаруалар Экология министрлігі ұсынған талаптардың сұйық май өндірісін құрдымға жіберетінін айтып дабыл қақты

Үкіметтің отандық өнеркәсіп орындарын жаңа экологиялық талаптарға көшіру туралы бастамасы үлкен дау тудырып жатыр. Экология министрлігі ұсынған жаңа норматив ең алдымен май-тоңмай өндіретін кәсіпорындардың наразылығын тудырып отыр. Өндірушілердің айтуынша, бұл талаптар елдің азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төндіреді. Сұйық май бағасының 30 пайызға қымбаттауына алып келеді. Тіптен орынсыз талап кейбір отандық зауыттардың жабылуына әкеледі деп дабыл қағуда. Алайда министрлік өкілдері бұл қауіптің еш қандай да негізі жоқ екенін, тек экология мәселесі тұрғанын алға тартып отыр, деп хабарлайды tiek.kz.
Түйткілдің төркіні: Мұндай қатаң норматив Еуропада да жоқ
Қазақстанда бірінші санаттағы кәсіпорындар үздік қолжетімді технологияларды (ҮҚТ) енгізуге және кешенді экологиялық рұқсат (КЭР) алуға міндеттеліп жатыр. Тоң-май саласына арналған арнайы анықтамалықты әзірлеу жұмыстары жоспар бойынша, биыл жыл соңына дейін аяқталы тиіс. Құжатқа Экология министрлігіне қарасты Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы (ХЖТИЖО) жауапты.
Алайда, ұсынылған жаңа нормативтер тамақ өнеркәсібі өкілдерінің наразылығын тудырды. Өндірушілердің сөзінше, қазақстандық экологтардың қойып отырған талаптары тіпті Еуропалық одақ пен Ұлыбританиядағы стандарттардан да қатаң.
Мәселен, азот оксидтері бойынша белгіленген нормативтер ЕО-дан 3,25 есе қатаң болса, органикалық шаң бойынша нормативтер металлургиялық кәсіпорындарға қойылатын талаптардан 10 есе асып түседі. Сала өкілдері тамақ өнеркәсібін көмірмен жұмыс істейтін ЖЭО-лармен салыстырудың ешқандай да ақылға сыймайтын, ғылыми негізсіз екенін айтады.
Өндірушілер дабылы: Қарапайым шаруалар ғана үлкен зауыттар да зардап шегеді
Жаңа экологиялық талаптардың ауыртпалығы тек ірі зауыттарға ғана емес, қарапайым шаруаларға да тиюі мүмкін. Абай облысындағы күнбағыс өсіретін шаруа қожалығының иесі Александр Лехнер бұл өзгерістердің ауыл шаруашылығына кері әсер ететінін айтады.

«Фермерлердің барлығы өнімін зауытқа өткізеді. Бұл талаптар бізге де тікелей әсер етеді. Біз, шаруалар, мұны түсіне алар емеспіз – бұл таза органикалық дақыл ғой! Алқапта өскен нәрсені табиғаттың өзі ыдыратып жібереді. Бізді ауыр металл өңдейтін өнеркәсіппен салыстыруға мүлдем келмейді. Көптеген шағын шаруа қожалықтарында күнбағыс кептіретін қондырғы жоқ, олар осы зауыттардың арқасында ғана жан бағып отыр. Егер зауыттар бұрынғыдай жұмыс істей алмаса, шаруалардың жағдайы қиындайды», — дейді ол.
Сол секілді Семей қаласындағы күнбағыс майын өндіруші зауыттың басшысы Николай Ушаков та бұл пікірді құптап отыр. Оның айтуынша, тамақ өнеркәсібін жылу электр орталықтарымен бірдей көру саланың дамуына балта шабуы мүмкін.

«Тамақ өнеркәсібін ЖЭО-мен немесе мұнай компанияларымен салыстыру әділетсіз. Біз онсыз да биологиялық отынмен (күнбағыс қауызымен) жұмыс істейміз. Бұл талаптар май-тоңмай саласы өнімдерінің өзіндік құнын кемінде 30 пайызға қымбаттатуы мүмкін, тіпті саланың жабылуына да алып келуі ықтимал. Ең жаманы – ішкі өндіріс тоқтап, сөрелерді импорт жаулап алады, жұмыс орындарын жоғалтамыз», — дейді Николай Ушаков.
Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығының төрағасы Ядыкар Ибрагимовтің пікірінше, экологтар ұсынып отырған жабдықтардың бағасы шындыққа жанаспайды.

«Экологтар жабдықтың құны 10-20 млн теңге тұрады дейді. Егер шынымен солай болса, біз барлық зауыттарға оны орнатуды міндеттер едік. Бірақ шын мәнінде тек бір қазандыққа жеңдік сүзгі орнату құрылыс-монтаж жұмыстарымен бірге шамамен 1 миллиард теңгеге түседі. Біз экологияны ластайық деп отырған жоқпыз, біз тек Еуропалық стандарттар деңгейіндегі ақылға қонымды нормативтерді сұрап отырмыз. Егер зауыттар зардап шексе, құс және мал шаруашылығы да қиындыққа тап болады, өйткені біз оларды жоғары ақуызды жеммен (шрот, күнжара) қамтамасыз етіп отырмыз», — дейді Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығының төрағасы.
Министрліктің жауабы: «Талап барлығына емес, тек 4 зауытқа қойылады»
Өндірушілердің бұл шағымдарына Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының ең үздік қолжетімді техникалар бюросының басшысы Қайрат Масенов толыққанды жауап берді. Орталық өкілі саланың іскерлік ұстанымын түсінгенімен, қауіптің асыра сілтенгенін алға тартады.
Министрлік өкілінің келтірген негізгі уәждері мынандай:
Көшірме емес, заманауи стандарт:
Технологиялық көрсеткіштер шетелден механикалық түрде көшірілген жоқ. Қазақстандағы май-тоңмай кәсіпорындарының басым көпшілігі онсыз да Еуропа, АҚШ және Қытайдың импорттық технологиялық желілерін пайдаланады. Яғни, бұл жабдықтар өндіруші елдердегі дәл осы қатаң экологиялық талаптарға басынан бейімделген.
Тазарту құны 1 миллиард емес:
Нарыққа жүргізілген мониторинг қымбат жабдықты толық ауыстырудың қажеті жоқ екенін көрсетті. Қолданыстағы қондырғыларға тазартудың соңғы сатысын (сүзгілер) орнату жеткілікті. Мәселен, «МАЙ» АҚ газ тазарту жүйесін толық орнатуға 1 миллиард емес, 136 млн теңге ғана жұмсаған.
Шешім әділ қабылданды:
Техникалық жұмыс тобының құрамы ЭЫДҰ халықаралық тәжірибесіне сай тәуелсіз сараптамалық орган ретінде құрылған. Оның құрамына сала өкілдерінен бөлек, ҒЗИ мен университеттер, санитарлық бақылау комитеттері кірді. Бұл мемлекеттің экологиялық қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін коммерциялық мүддені болдырмау үшін жасалған. 21 мүшенің 13-і жобаны қолдап дауыс берген.
Тек 4 зауытқа қатысты және 10 жыл уақыт беріледі:
Бұл талаптар елдегі 80-нен астам май өңдеу кәсіпорнының барлығына емес, тек I санаттағы 4 ірі объектіге ғана қолданылады. Оның үстіне, оларға Экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасын әзірлеп, өндірісті кезең-кезеңімен жаңғырту үшін 10 жылға дейін уақыт беріледі. Сонымен қатар, бұл бағдарламаны іске асыратын кәсіпорындар экологиялық төлемдерден босатылады.
Түйін
Бір тарапта – мемлекеттің экологиялық қауіпсіздігі мен халықаралық жасыл технологиялар стандарты тұрса, екінші тарапта – елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған ірі өнеркәсіп пен мыңдаған шаруаның тағдыры тұр.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан күнбағыс майын экспорттаудан әлемде 6-шы орынға шықты. Ендігі кезекте экология мен экономика арасындағы тепе-теңдікті сақтау – құзырлы органдар мен кәсіпкерлер үшін басты сынақ болмақ.



