Сербияда Қазақстан азаматы жұмбақ жағдайда көз жұмды

Сербия астанасы Белградта Қазақстан азаматы жұмбақ жағдайда көз жұмды деген ақпарат тарады.
Марқұмның әкесі TikTok желісіндегі homeart_mebel нигімен парақшасында қызының қазасы туралы жазба жариялап, оқиғаға қатысты қандай да бір ақпарат білетін азаматтардан көмек сұраған.
Оның айтуынша, қызы алтыншы қабаттан құлаған болуы мүмкін. Сондай-ақ ол қызының өліміне екі әйел мен бір ер адамның қатысы болуы ықтимал екенін айтып, қайғылы оқиғаға дейін қызын еркінен тыс ұстап отырған болуы мүмкін деген күдігін жеткізді.
Кейін бұл ақпаратты Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі растап, мәлімдеме жасады. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Сербияда Қазақстан азаматының қаза болғанын растап, марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтқан.
Ведомство мәліметінше, Қазақстанның Сербиядағы елшілігі жергілікті құзырлы органдармен бірлесіп оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
“Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Сербияда қаза тапқан отандасымыздың туған-туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтады. Қазақстандық дипломаттар марқұмның туыстарымен тұрақты байланыста болып, оларға жан-жақты консулдық-құқықтық көмек көрсетуде. Мәселе министрліктің бақылауында”, – делінген хабарламада.
Қазір бұл іс Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің бақылауында.



