Жошы хан мазарында ішімдік тұрғаны рас па? (ВИДЕО)
Видеодан кесене ішіне сүт және арақ тұрғаны анық көрінеді.

Ұлытау облысындағы Жошы хан кесенесіне келген Моңғолиядан келген туристердің әрекеті әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті, деп хабарлайды ult.kz.
Тур ұйымдастырушысы Сағадат Мұхамбетов жариялаған видеода қонақтардың кесене ішіне сүт, тағам және арақ қойып, арша жаққаны көрінеді.
Оның айтуынша, бұл әрекетті тарихи ескерткішке жасалған құрметсіздік ретінде қабылдауға болмайды. Себебі моңғол халқының салт-дәстүрі мен діни нанымында ата-баба рухына тағам мен ішімдік қалдыру – ерекше құрметтің белгісі. Осыған байланысты ол жұртшылықты өзге халықтың мәдениеті мен дүниетанымына түсіністікпен қарауға шақырды.
Сағадат Мұхамбетовтің сөзінше, туристер кеткеннен кейін кесене іші қазақы дәстүрге сай қайта ретке келтіріледі. Қалдырылған заттар сыртқа шығарылып, жағылған арша толық өшіріледі.



