Бес жылға сотталған Абылай Мырзахметов бостандыққа шықты
2024 жылғы мамырда Аблай Мырзахметов аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, бес жылға бас бостандығынан айырылған.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы төрағасы Абылай Мырзахметов бостандыққа шықты.
Павлодар облысының қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, оны босату туралы шешімді сот биыл ақпанда қабылдаған.
Жазасын өтеу кезінде Мырзахметов төрт рет көтермеленген. Оның мінез-құлқының оң бағалануы және жеңілдетілген жағдайда ұсталуы жазаның өтелмеген бөлігін бас бостандығын шектеуге ауыстыру туралы өтініш беруге мүмкіндік берген.
Павлодар облыстық сотының шешімімен жазаның бір жылдан сәл асатын өтелмеген бөлігі тұрғылықты жері бойынша пробациялық бақылауда өтеледі. Оған тұрақты тұрғылықты жерін өзгертуге, пробация қызметіне ескертпей облыстан шығуға және ойын-сауық орындарына баруға тыйым салынған.
Еске салайық, 2024 жылғы мамырда Аблай Мырзахметов аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, бес жылға бас бостандығынан айырылған.



