Қоғам

«Арасында қытай азаматтары бар: Шығыс Қазақстанда заңсыз алтын өндірген қылмыстық топ ұсталды

Еліміздің қазба байлығын рұқсатсыз иемденіп, табиғатқа орасан зор нұқсан келтірген қылмыстық топ құрықталды.

Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданында заңсыз алтын өндірумен айналысқан 30-дан астам адам ұсталды. Олардың қатарында Қытай азаматтары да бар.

ҚМА Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментімен және прокуратурамен бірлесіп, Марқакөл ауданындағы Ақбұлақ ауылының маңында тиісті рұқсат құжаттарынсыз алтын өндірген адамдар тобының заңсыз қызметін тоқтатты.

Қылмыстық мониторинг агенттігінің мәліметінше, құрамында алтыны бар кенді заңсыз өндіру және өңдеу салдарынан қоршаған ортаға елеулі залал келтірілді. Атап айтқанда, топырақтың құнарлы қабаты бүлініп, жер бедерінің табиғи құрылымы бұзылып, өзен арнасы өзгертілген.

Заңсыз жұмыстар жалпы аумағы 30 гектар жер учаскесінде ауыр арнайы техника мен өндірістік кешендерді пайдалану арқылы жүргізілген. Заңсыз қызметке 30-дан астам адам, оның ішінде Қытай Халық Республикасының азаматтары тартылған, — делінген ҚМА хабарламасында.

Тінту барысында алты 40 тонналық жүк көлігі, төрт шынжыр табанды экскаватор, бір тиегіш, сондай-ақ құрамында алтыны бар кенді өндіруге және жууға арналған екі өндірістік кешен тәркіленді.

Тергеу жалғасуда. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button