
Қарағанды облысында Қазақстанның Қызыл кітабына енген жыртқыш құстарды заңсыз ұстап, саудалады деп айыпталған Таңат Оспанқұлов ұлттық құрамадан және құсбегілер қатарынан біржола шығарылды. Бұл туралы «Республикалық құсбегілік федерациясы» ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Tiek.kz.
Ұлттық спортқа түскен дақ
Федерация басшылығының шешімімен Таңат Оспанқұлов 2026 жылдың ақпан айынан бастап ұйым құрамынан және ұлттық құрама мүшелігінен шеттетілген. Ұйым өкілдері экс-спортшының бұл әрекеті спорттық этика мен ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан құсбегілік өнерінің іргелі қағидаттарына түбегейлі қайшы екенін қатаң ескертті.
«Федерация еліміздің ұлттық спорты мен ежелгі құсбегілік дәстүрінің атына кір келтірген мұндай заңсыз әрекеттерді толықтай айыптайды және ешқандай жағдайда қолдамайды», — делінген баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Табиғатты қорғау — басты назарда
Құсбегілік федерациясы сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген жабайы құстарды аулап, оны бизнеске айналдыруға үзілді-кесілді қарсы екенін атап өтті. Ұйым үшін табиғатты қорғау мен заңдылықты сақтау басты міндет болып қала бермек.
Қазіргі таңда құқық бұзушылық фактісі бойынша құқық қорғау органдары тиісті тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Өз кезегінде құсбегілік федерациясы:
-
Тергеу органдарының жұмысына толық қолдау білдіретінін;
-
Алдағы уақытта ұлттық спорт саласында мұндай келеңсіздіктердің алдын алу үшін ішкі бақылауды барынша күшейтетінін мәлімдеді.



