
Қазақстанда 25 тамыздан бастап жол қозғалысы саласындағы жаңа талаптар күшіне енеді.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар азаматтар әр 2 жыл сайын міндетті медициналық тексеруден өтуге тиіс.
Медициналық тексеруден өткені туралы ақпарат Денсаулық сақтау және Ішкі істер министрліктерінің ақпараттық жүйелері арасында автоматты түрде беріледі. Егер жүйеде тексеруден өткені және көлік жүргізуге медициналық қарсы көрсетілімдердің жоқтығы расталмаса, жүргізушінің көлік басқару құқығы тоқтатылады.
Сонымен қатар жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған жүргізушілер заңда белгіленген жағдайларда теориялық емтиханды қайта тапсыруға жіберілуі мүмкін. Ал мас күйде көлік жүргізгені үшін жауапкершілік те күшейтіледі. Тіпті іс жәбірленушімен татуласуға байланысты тоқтатылған жағдайда да, жүргізуші 8 жылға көлік басқару құқығынан айырылады.
«Ең алдымен, 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар жүргізушілер екі жылда бір рет міндетті медициналық тексеруден өту қажеттігін екенін еске саламыз. Міндетті медициналық тексеруден өткені туралы мәліметтер Денсаулық сақтау министрлігі мен Ішкі істер министрлігі арасында автоматты түрде алмасады. Егер мемлекеттік ақпараттық жүйеде жүргізушінің медициналық тексеруден өткені және көлік құралын басқаруға қарсы көрсетілімдерінің жоқтығы расталмаса, көлік құралын басқару құқығы тоқтатылады. Бұл талап тек 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар жүргізушілерге ғана қатысты екенін ерекше атап өтеміз», — делінген хабарламада.


