«Баспана арзандай ма?»: Министрлік жылжымайтын мүлік бағасына қатысты болжам жасады

2026 жылы зейнетақы жинағын баспанаға пайдаланудың жеткіліктілік шегі айтарлықтай өскені белгілі.
Осыған байланысты тұрғын үй нарығында азаматтардың сатып алу қабілеті төмендеп, халық арасында «шаршы метрлердің бағасы арзандай ма?» деген заңды сұрақ туындады.
Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері осы өзекті сұрақты Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевқа қойған болатын.
Ведомство басшысының айтуынша, мемлекет тек әлеуметтік тұрғын үйлердің бағасын қатаң бақылауда ұстап отыр. «Әлеуметтік баспана бағасы өспейді!» — деп сендірді министр.
Ал коммерциялық секторға Үкімет араласпайды. Айтуынша, бұл жақта бағаны сұраныс пен ұсыныс нарығы реттейді.
Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта ел бойынша бұл сектордағы құрылыстың орташа өзіндік құны шаршы метріне 617 мың теңгені құрайды.
Журналистердің бағаның көтерілетіні немесе төмендейтіні туралы нақты болжам беруді сұраған тікелей сауалына министр нақты жауап беруден бас тартты.
Дегенмен, Ерсайын Нағаспаев қазіргі таңда бағаның төмендеуіне ешқандай алғышарттар жоқ екенін атап өтті. Оның сөзінше, Зейнетақы қорының жаңа шектеулері халықтың сатып алу белсенділігіне еш әсер еткен жоқ.
«Дәстүрлі жазғы маусым жылжымайтын мүлікке деген сұранысты керісінше арттырып отыр», — деп атап өтті ол.



