Қазақ мұнайын тиеп жатқан тағы бір танкерге дрон соғылды
Бұған дейін жексенбі күні терминалда қазақ мұнайын тиеп жатқан екі танкерге дрон шабуылы жасалған болатын.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің наразылығына қарамастан, Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалы маңында мұнай тиеп жатқан тағы бір танкерге дрон шабуыл жасады деген ақпарат тарады.
Каспий құбыр консорциумы теңіз терминалында мұнай тиеп тұрған NELSA азаматтық танкеріне дрон шабуыл жасағанын хабарлады.
Компанияның мәліметінше, дрон кеменің оң жақ бортындағы артқы бөлігіне тиіп, палуба мен ішкі бөліктерде өрт шыққан. Өрт бірнеше сағат ішінде сөндірілді. 22 экипаж мүшесі КТК буксирлерімен эвакуацияланды. Капитан мен аға көмекшісі кемеде қалған. Танкер суға батпаған. Осы оқиғадан кейін КТК теңіз терминалындағы мұнай тиеу жұмыстары қайта тоқтатылды.
Бұған дейін жексенбі күні терминалда қазақ мұнайын тиеп жатқан екі танкерге (ASIA және NISSOS IOS танкерлеріне) дрон шабуылы жасалған болатын. КТК олардың мұнай тиеуін уақытша қалпына келтіргенімен, жаңа шабуылдан кейін операциялар қайтадан тоқтатылды.
Осыған байланысты Қазақстанның Энергетика министрлігі мұндай шабуылдарды азаматтық энергетикалық инфрақұрылымға жасалған жол беруге болмайтын әрекет деп бағалады.
Кейіннен Сыртқы істер министрлігі 17 және 19 шілдеде Қара теңізде болған дрон шабуылдарын қатаң айыптап, бұл әрекеттер Қазақстанның экономикалық мүдделеріне нұқсан келтіріп, халықаралық энергетика нарығы мен көлік-логистикалық тізбектердің тұрақтылығына қауіп төндіретінін мәлімдеді. Ведомство азаматтық кемелердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мұндай шабуылдарды дереу тоқтатуға шақырған еді.



