Қоғам

«Жалақымыз 90-120 мың теңге аралығында»: шенеуніктердің орманшылардың жалақысы өсті дегені өтірік пе сонда?

Бұған дейін шенеуніктер орманшылар 350 мың теңгеге дейін жалақы алады деп есеп берген еді.

Бұған дейін шенеуніктер орманшылардың жалақысы екі өсті деп жоғарыға есеп берген еді. Алайда іс жүзінде бәрінің бірдей жалақысы өспеген. Тек мемлекеттік инспекторлардың жалақысы ғана айтарлықтай көтерілген. Ал тракторшылар мен қатардағы жұмысшылардың, өрт сөндіру көлігінің жүргізушілері мен химиялық жасақ мамандарының жалақысы сол баяғы қалпы —  90 мың, ары кетсе 120 мың теңге көлемінде қалып отыр, деп хабарлайды tiek.kz.

ait.say инстаграм парақшасында орманшылардың сұхбаты жарияланды. Сұхбатта орманшылар 2023 жылғы Абай облысындағы ауқымды және қайғылы өрттен кейін үкімет тарапынан орман шаруашылығын жаңғыртуға үлкен көңіл бөлінгені растайды. Материалдық-техникалық база шынымен жақсарған.

«Бұрын апат аймағында бар-жоғы 1–2 тікұшақ қана жұмыс істесе, қазір олардың саны 7–8-ге жеткен. Жаңа техникалар, заманауи машиналар мен тракторлар беріліп, өртті бақылау мен алдын алу жұмыстары біршама жеңілдеді», — дейді орманшылар.

Алайда, материалдық база жаңарғанымен, адами капиталға, яғни еңбек ететін мамандардың әлеуметтік жағдайына келгенде жүйеде үлкен ақау бар екенін жасырмаған.

Мемлекеттік инспекторлардың жалақысы бұған дейін 80–90 мың теңге шамасында болса, қазір 220–230 мың теңгеге дейін өскен. Десе де, жұмысшылар бұл соманың өзі қазіргі қымбатшылық заманында жеткіліксіз екенін айтады.

«Бастапқыда өсірген кезде бұл ақша жететін еді. Ал қазір нарықтағы баға екі, тіпті үш есе өсіп кетті. Сондықтан бұл айлық та қазіргі күнкөріске әзер жетіп тұр», — дейді сала мамандары.

Бірдей еңбек, әртүрлі айлық

Орман алқабындағы ең ауыр әрі қауіпті жұмысты атқаратын жүргізушілер мен тракторшылардың айлығы әлі күнге дейін 90–120 мың теңгенің айналасында ғана.

«Біз бәріміз ауылда тұрамыз. Өрт сөндіру көлігінің жүргізушілері де, химиялық жасақ жұмысшылары да, тракторшылар да инспекторлармен иық тіресіп, бірдей еңбек етеді. Тілсіз жау келгенде ешкім лауазымына қарамайды, бәрі оттың ортасында жүреді. Сонда неге біздің еңбегіміз олай бөлінеді? Біздің де жалақымызды теңестіріп берсе, әділетті болар еді», — деп кейиді жұмысшылар.

Басшылыққа «неге жалақымыз көтерілмейді?» деген сұрақ қойылғанда, олар әдеттегідей «бюджетте ақша тапшы» деген жауаппен құтылатын көрінеді.

Жастар неге бұл салаға жоламайды?

Төмен жалақы мен ауыр жұмыс жағдайы орман шаруашылығындағы кадр тапшылығын одан сайын ушықтырып отыр. Қазіргі таңда бұл салада негізінен зейнет жасына таяған немесе зейнеттегі ардагерлер ғана өмір бойғы дағдысымен еңбек етіп жүр.

Ал жастар айлығы шайлығына жетпейтін, қаупі жоғары жұмысқа мүлдем жолағысы келмейді. Егер үкімет жалақы саясатындағы бұл теңсіздікті шұғыл түрде түзетпесе, жақын жылдары миллиондаған гектар ұлттық байлығымызды — ормандарымызды қорғайтын ешкім қалмауы әбден мүмкін. Шенеуніктердің есебіндегі «бәрі жақсы» деген цифрлар от лаулаған сәтте орманды құтқарып қала алмайтыны анық.

Осыдан біраз уақыт бұрын үкімет отырысында экология вице-министрі Нұркен Шәрбиев Семейдегі алапат орман өртінен кейін орманшылардың жалақысы екі есе көтерілгенін айтқан еді.

«2022-2024 жылдар аралығында барлық азаматтық қызметкерге жалақыны екі есе көтерді. Сондай-ақ еңбек тәуекеліне байланысты орман өрт станцияларының қызметкерлерінің еңбекақысына 100 пайыз үстемақы қосылды. Нәтижесінде, өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі 280 мың (тәжірибесіне қарай), орман өрт станциясының бастығы 350 мың, орман өрт сөндірушісі 250 мың теңге жалақы алады», – деді вице-министр.

Ал арнайы қорғалатын аймақтарда жұмыс істейтін мемлекеттік инспекторлар айлығы одан да жоғары деген болатын.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button