Шу ауданында 2 адам кәріз құдығында уланып, ажал құшты
Оларды құтқарамын деп көмекке ұмтылған тағы бір қызметкер жансақтау бөлімінде жатыр.

Жамбыл облысы Шу ауданында екі адам кәріз құдығына жиналған газдан уланып көз жұмды.
Оларды құтқарамын деп көмекке ұмтылған тағы бір қызметкер жансақтау бөліміне жеткізілген.
Қайғылы оқиға Шу қаласы ауруханасының ауласында болған.
Куәгерлердің айтуынша, кәріз жүйесін жөндеуге түскен сантехник тұншығып, жанұшыра көмек шақырған. Оны өтіп бара жатып естіген зертхана қызметкері әріптесін шығарып алу үшін тереңдігі үш метр құдыққа түсіп, газдан уаланып өзі де есінен талып қалады. Өкінішке қарай екеуі де қатты уланудан көз жұмады.
Оқыс оқиғадан құдыққа үшінші болып түскен сантехник қана аман қалды. Қазір ол дәрігерлердің бақылауында.
ҚР ҚК 156-бабының 4-бөлігімен, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан еңбекті қорғау қағидаларын бұзу бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Толық, жан-жақты және объективті тергеп-тексеру бойынша заңды процессуалдық шешім қабылданатын болады, – деді Жамбыл облысы ПД ресми өкілі Құндыз Бөгенбаева.



