«Халықтан кешірім сұрасын»: бокс бапкері Тұрсынғали Еділов Данияр Елеусіновке үндеу жасады
Мүмкін, отбасылық жағдай немесе қандай да бір стресс болған шығар. Егер бұл шынымен солай болса, мен әлі күнге дейін сене алмаймын.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген бокс бапкері, спорт функционері Тұрсынғали Еділов Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновке қатысты іске ойын білдірді, деп хабарлайды Sports24.kz.
«Даниярды қолдау керек, ол біздің ең интеллектуалды боксшымыз, Олимпиада чемпионы. Мен оның әдейі бір нәрсе жасағанына сенбеймін, иә, мүмкін, бір жерде бірдеңе болып қалды. Мүмкін, отбасылық жағдай немесе қандай да бір стресс болған шығар. Егер бұл шынымен солай болса, мен әлі күнге дейін сене алмаймын», – деді Еділов.
Сонымен қатар Еділов егер ақпарат расталса, халыққа ашық түрде үн қатқан дұрыс болатынын атап өтті.
«Кешірім сұрау керек, жалпы, батылдық танытып, мойнына алу қажет. Егер бұл рас болса, ол ешқайда қашпайды. Сондықтан ертең бәрі белгілі болады, менің ойымша, дәл қазір батылдық көрсетіп, барша халықтан кешірім сұрау керек. Бар болғаны сол. Жағдайды түсіндіріп айт, бастысы – осы. Халық түсінеді, қалай болғанда да ол – көпшіліктің сүйіктісі, оған кезінде жанкүйер болғандар көп. Ол да ел үшін көп еңбек сіңірді. Менің ойымша, халық түсінеді», – деп түйіндеді ол.
Еділов барлық мән-жай анықталғанға дейін Елеусіновке қолдау көрсету маңызды екенін баса айтты.



