«Бұған дейін Аланияны мақтап жүрген»: журналист Қазақстан азаматтығын алған Ресейлік блогер туралы
Ол бұған дейін түріктің шапанын киіп, Түріктерге жағынып көрмек болған. Бірақ ол жарнамасы өтпеген. Сосын Қазақстанға келіп еді, жұлдыз болып шыға келіпті...

Ресейлік блогер Иван Червинский кімнің жобасы және қазақстан азаматтығын қалай алды?
Иван Червинскийдің оқиғасы бірнеше тұрғыдан назар аударуға тұрарлық.
Ресейлік блогер Қазақстанға алғаш рет 2017 жылы келді. Сол уақыттан бастап оның жариялаған контентінің басым бөлігі Қазақстанды, қазақ халқын, мәдениеті мен дәстүрін дәріптеуге арналды.
Бұл ұстанымы оған елімізде кең танымалдық әкелді. Ол түрлі іс-шараларға шақырылып, мемлекеттік және жеке бұқаралық ақпарат құралдарында жиі көрсетілді, Қазақстанды насихаттауға қосқан үлесі үшін алғыс хаттар мен мемлекет марапаттарға ие болды.
Бұған дейін Аланияны да дәл осылай мақтап жүрген. Алайда ол жақта оған мемлекет тарапынан мұндай деңгейде қолдау көрсетілмеген. Ал Қазақстанда әріптестердің айтуынша, оны насихаттау жобаларына бюджеттен қаржы бөлінген деген әңгіме бар. Оның қаншалықты рас екенін білмеймін. Сондықтан әзірге Қазақстанды ешқандай ақысыз-ақ дәріптеп жүр деп есептейік.
Жақында ол Қазақстан Республикасының азаматтығын алды.
Алайда осы тұста бірнеше заңды сұрақ туындайды.
Біріншіден, азаматтық жалпы тәртіппен берілсе, заңда көзделген барлық талап толық сақталды ма? Атап айтқанда, елде тұрақты тұру мерзімі, бұрынғы азаматтығынан шығу және мемлекеттік тілді меңгеру талаптары орындалды ма?
Екіншіден, Қазақстан азаматтығын тек Иван Червинский ғана алды ма, әлде оның жұбайы мен балалары да алды ма? Егер алған болса, олар қандай құқықтық негізде алды? Өйткені Қазақстан заңнамасы бойынша жұбайының немесе ата-анасының азаматтық алуы отбасының басқа мүшелеріне азаматтықты автоматты түрде беруді көздемейді. Әрқайсысы үшін жеке рәсім қарастырылған.
Үшіншіден, Иван Червинский азаматтық алу кезінде қазақ тілін, Қазақстан Конституциясын және ел тарихының негіздерін білуге қатысты заңда көзделген талаптардан өтті ме?
Бұл бір блогердің ғана мәселесі емес.
Бұл – мемлекеттік рәсімдердің ашықтығы туралы мәселе.
Егер азаматтық заң талаптарына толық сәйкес берілген болса, онда ешқандай мәселе жоқ. Бірақ мемлекет белгілі бір медиа тұлғаларға ерекше құрмет көрсетіп, оларды үлгі ретінде ұсынатын болса, қоғам азаматтықтың заң талаптарына толық сақтала отырып берілгеніне көз жеткізуге құқылы.
Заң танымалдылығына, медиадағы беделіне немесе Қазақстан туралы айтқан жылы сөздерінің санына қарамастан, баршаға бірдей қолданылуы тиіс.
Блогер-журналист Гүлбану Әбенованың facebook парақшасынан



