«20 тонна жарылғаш зат тиелген камазға соғылған»: Айтыскер ақын Салтанат Өтелбаеваның қазасына қатысты мәлімет шықты

Айтыскер ақын, мәдениет саласының үздігі, тарих ғылымдарының магистрі, Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейі басшысының орынбасары Салтанат Өтелбаеваның қазасына қатысты мәлімет шықты, деп хабарлайды tiek.kz.
Мәлім болғандай, ақын мен оның жұбайының өмірін қиып кеткен апат 16 маусым күні шамамен сағат 07:00-де Ақмола облысындағы Астана-Атбасар-Жақсы автожолының 231-шақырымында болған.
Полиция мәліметінше, тасжолда КамАЗ жүк көлігі мен жеңіл көлік соқтығысқан. Жол апаты салдарынан жеңіл көліктің жүргізушісі мен жолаушысы оқиға орнында көз жұмған.
Сондай-ақ тағы екі адамның жарақат алып, түрлі дене жарақатын алғаны хабарланды. Оларға медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Алдын ала ақпарат бойынша, Қостанайда тіркелген жүк көлігі Астана бағытына карьер жұмыстарына арналған шамамен 20 тонна жарылғыш зат тасымалдап бара жатқан. Жүргізушінің қауіпті жүк тасымалдауға рұқсаты болған, көлік салонында күзетші де отырған.
Болжамдардың біріне сәйкес, Chevrolet Tracker маркалы жеңіл көлік қарсы бағытқа шығып кетіп, КамАЗ-бен бетпе-бет соқтығысқан.
Жеңіл көлік жүргізушісінің рөлде ұйықтап кеткен делінеді.
Оқиға орнында төтенше жағдай қызметтері жұмыс істеп, аумақ күзетке алынған. Жол апаты бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.



