«Қонаққа келдік»: Әділеттің съезіне Аманат партиясының депутаттары бой көрсетті

Әділеттің съезіне «AMANAT»-тың депутаттары бой көрсетті, деп хабарлайды tiek.kz.
«Біз мұнда қонақ ретінде келдік. «Қонақ қойдан жуас» демекші, бүгін қандай шешім қабылданса, соған сай жұмыс істейміз.
Қазіргі уақытта мен «Аманат» партиясының мүшесімін және Қарағанды облыстық филиалының төрағасымын. Екі партия қосылып, бір ұйым болғаннан кейін, мүмкіндік туса, саяси жұмысымызды осы құрамда әрі қарай жалғастырамыз деп есептеймін», — дейді Аманат партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков.
«Әділет» партиясының Саяси кеңес бюросының мүшесі Рауан Кенжеханұлы Аманат партиясының мүшелеріне Әділет қатарына қосылу мүмкіндігі ұсынылатынын мәлімдеді.
Оның айтуынша, партияға мүшелікке қабылдау әр азаматтың жеке таңдауы негізінде жүзеге асырылады.
«Біз барлық мүмкіндікті пайдаланып, «AMANAT» партиясының мүшелеріне «Әділет» партиясының қатарына қосылу туралы ұсыныс жасаймыз. Бірақ бұл ұсынысты қабылдау немесе қабылдамау — әр адамның жеке шешімі», — деді Рауан Кенжеханұлы.
Сондай-ақ ол қазіргі уақытта партияға мүшелікке өту рәсімі жеңілдетілгенін атап өтті. Азаматтар цифрлық платформалар арқылы онлайн өтініш бере алады.



